Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жаңа Конституция жобасының негізгі тетіктерін түсіндірді

Көркем Алдабергенова 31 янв. 2026 15:00

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жарияланған жаңа Конституция жобасына қатысты өз түсіндірмесін ұсынды. Оның айтуынша, құжатта билік тармақтарының қалыптасу тәртібі мен өкілеттіктері нақты айқындалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының сөзінше, жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай төрағасын депутаттар президенттің ұсынысы бойынша сайлайды. Яғни, спикер лауазымына үміткерді Мемлекет басшысы ұсынады.

Ғазиз Әбішевтің түсіндіруінше, егер Құрылтай ұсынылған кандидатураны қабылдамай, кейін оны екінші рет те кері қайтарса, президент Құрылтайды таратады.

Сонымен қатар саясаттанушы жаңа Конституция жобасында президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда биліктің сабақтастығы нақты бекітілгенін атап өтті.

«Билік президенттің мерзімінен бұрын кетуі жағдайында вице-президентке, одан кейін Құрылтай төрағасына, кейін премьер-министрге өтеді», – деп түсіндірді ол.

Жобаға сәйкес, президент вице-президенттің кандидатурасын Құрылтайға ұсынады. Бұл кандидатура қарапайым көпшілік дауыспен мақұлдануы тиіс.

Саясаттанушының айтуынша, вице-президенттің өкілеттіктерін де президент айқындайды және оны кез келген уақытта өз шешімімен қызметтен босата алады.

Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша, жалпы алғанда жаңа Конституция жобасы президенттің Құрылтайға бірқатар негізгі лауазымдарға кандидатура ұсынуын көздейді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы:

  • вице-президентті;
  • Құрылтай төрағасын;
  • премьер-министрді

бекіту үшін Құрылтайдың қарауына енгізеді.

Құрылтайдың бұл кандидатураларға қарсы дауыс беруге құқығы бар. Алайда саясаттанушы жобадағы маңызды тұсты ерекше атап өтті.

«Президент ұсынған кандидатура екі рет кері қайтарылған жағдайда, Құрылтай “таратылуы мүмкін” емес, нақты түрде “таратылады” деп жазылған», – дейді ол.

Осылайша, сарапшының пікірінше, жаңа Конституция жобасы билік институттары арасындағы өзара қатынасты қатаң регламенттеп, президент өкілеттігін шешуші деңгейде бекітуді көздейді.

Еске салайық, бүгін жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. 

Жаңа Конституция жобасын осы тұстан оқи аласыз


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove