Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының әкімдерге қояр талаптарының бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру, өндіріс орындарын ашып, жұмыс орындарын көбейту. Бұл бағыттағы жұмыстарға күш салынды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округінде орналасқан «Fresboom» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер өндіретін кәсіпорында болып, кәсіпкерлермен кездесті.
Аталған кәсіпорын 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Жылдың үздік кәсіпорыны» номинациясымен марапатталған.
Сарыағаш ауданындағы жылыжайларды, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу бағытын дамыту қолға алынды.
Осыны ескере отырып, «Damdes Agro» қазақстандық компания қытайлық компаниямен (GUAN-FANG Food Machinery) келісім жасап, жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Ол жерде көкөніс мұздатқыш (шоковая заморозка), жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу және орау материалдарын (упаковка) шығару цехтары ашылатын болады. 50 адам жұмыспен қамтылады.
Облыста бизнесті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, қажетті шаралар қабылдануда. Осы қолдауларды тиімді пайдаланып, өндірісті кеңейтіп және жаңа өндіріс ошақтарын ашу бағыты бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Ауданда шағын және орта бизнес саны 20 мыңнан асты. Олармен өндірілген өнім көлемі былтыр 87 млрд. теңгені құрады. Биыл Сарыағаш ауданында қосымша 3,2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді.