Саргсянның ісі сотқа кетті. 1 млн долларды талан-таражға салған.

Dalanews 30 янв. 2020 03:45 926

Армения бас прокуратурасы 29 қаңтар күні елдің үшінші президенті Серж Саргсянның ісін сотқа жібергенін мәлімдеді.

Саргсян жарты млрд драм (1 млн доллардан астам) мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып жатыр. Ол кінәлі деп табылса, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл іс бойынша елдің ауыл шаруашылығы министрі болған Серго Карапетян, кәсіпкер Барсег Бегларян және бірқатар шенеуніктер де сот алдында жауап береді.

Экс-президент өзіне тағылған айыптардың бәрін теріске шығарып, саяси астары бар деген сенімде.

Серж Саргсян Армения президенті болып екі мерзім, яғни он жылдан астам уақыт отырды. Ел Конституциясына сәйкес президент екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Бірақ ол ел басқарып тұрғанда, билікті ұстап тұрғысы келіп, 2015 жылы конституциялық реформа жүргізді. Ол барлық билікті парламент тағайындайтын премьер-министрге берді.


Реформа жүргізер кезде Саргсян президенттіктен кеткеннен кейін, өзінің кандидатурасын премьерлікке ұсынбаймын деп уәде берді. Бірақ уәдесін бұзды.

2018 жылдың сәуір айында парламент Саргсянды ел премьері етіп бекітті. Ал Армения президенті екі сағат ішінде оның тағайындалуы жөнінде бұйрыққа қол қойды. Осыдан кейін Арменияда жаппай толқу басталып, "мақпал революциясына" дейін жетті.

Жаппай наразылық шарасынан кейін Саргсян отставкаға кетіп, қателескенін мәлімдеді. Ол басқаратын Республикалық партия жаңа сайлау кезінде парламентке өтпеді. Парламент сайлауында оппозиция лидері Никол Пашинян жеңіске жетті. Пашинян билікке келгеннен кейін Саргсянның жақтастары мен туыстарына қылмыстық іс қозғалды.

Рекомендовать
Последние новости