Президент Қасым-Жомарт Тоқаев катарлық Al Jazeera арнасына эксклюзив сұхбат берді. Мемлекет басшысы сұхбат барысында ішкі-сыртқы саясат мәселелері төңірегінде толымды пікір білдірді.
Dalanews.kz Президент көтерген маңызды тақырыптар бойынша танымал саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің пікірін білді.
Қазақстан экономикасы үшін ең маңызды мәселе - қазақ мұнайын шетелге тасымалдау, оны экспорттау. Мемлекет басшысы шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында Каспий құбыр консорциумының әлеуетін бағалап, басқа бағыттарды да қарастыру қажет екенін айтты.
"Ресеймен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймыз. Бірақ бұл бір бағытпен шектелеміз деген сөз емес. Мұнай тасымалдауда негізгі басымдық, әрине, Каспий құбыр консорциумына беріледі. Десе де Орта дәліз бен өзге бағыттарды дамыту арқылы Қазақстан өз қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", – деді Тоқаев.
Сарапшының пікірінше, мұнай экспортын әртараптандыру - тек сақтық шарасы емес, нақты тәуелсіздік стратегиясы.
"Өйткені қазір мұнайдың 80%-ы осы Каспий құбыры, Ресей арқылы тасымалданып жатыр. Тоқаев Баку-Джейхан құбырын, Орта дәліз, яғни Транскаспий халықаралық маршрутын, осындай балама маршруттарды дамыту керегін ашық мәлімдеп отыр. Бұл - геосаясаттағы тәуекелдерді азайту мен экономикалық тәуелсіздікті нығайту мақсатында жасалып жатқан қадамдар. Президент осындай биік мінберлерде Орта дәлізді дамытуды әрдайым айтып жүреді. Өйткені бұл - еліміздің энергетикалық, мұнай шикізаты, тауар айналымы салаларында, жалпы қай саланы қарасаңыз да транзиттік хаб ретінде тәуелсіз болуға ұмтылыстарының басты бағыты", - деді сарапшы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera басылымына берген сұхбатында ескі Қазақстан өкілдеріне берілген артықшылықтарды жою жөніндегі, жемқорлық, ұрлық төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.
Тоқаевтың жемқорлықпен күрес туралы айтқандары нақты істермен дәлелденіп жатыр ма, әлде бұл тек саяси риторика деңгейінде қалып отыр ма? Сарапшы бұл турасында былай дейді:
"Жемқорлық мәселесі - кез келген экономикалық дамудың, кез келген экономикалық өрістің алдын кесіп, кері тартып отырған үлкен кеселдердің бірі. Бұл бағытта оң көрсеткіштер де бар. Мысалы кейінгі үш жылда 174 судья жауапкершілікке тартылған. Кейінгі жылдары 500-ден аса жемқорлық ісі тіркелген. Бірақ Transparency International бойынша Қазақстан 40 балл жинап, 1 балға ғана жақсарып отыр. Яғни бұл бізде әлі де болса жемқорлықпен күрес өз деңгейінде болмай отырғанын көрсетеді. Ол туралы Президент те мойындап отыр, яғни жүйелі мәселелер шешілмей жатқанын мойындап отыр. Лауазымды адамдар ауысқанымен, жүйелі мәселелер қалып отыр", - деді ол.
Сонымен қатар, сұхбатта сыртқы саясаттағы Қазақстанның ұстанымы туралы айтылды.
"Президент сыртқы саясатты консервативті құбылыс деп атауының себебі көп. Соның бірі - стратегиялық көршіміз болып отырған, құрлықтағы ең үлкен шекарамыз бар Ресей, ол мемлекетпен қалыптасқан экономикалық байланыстар. Одан бөлек Қытай бар, АҚШ, Батыс елдері, Ислам әлемі елдері бар. Ірі державамен, мемлекеттермен болсын геосаяси тепе-теңдікті сақтауға барынша қадамдар жасалып жатыр. Бұл жердегі басты мақсат - ірі державалармен теңгерімді қатынас орнату. Президенттің кешегі Астана халықаралық форумында да айтқан БҰҰ қауіпсіздік кеңесін реформалау, орта державалар парадигмасы - мұның барлығы Қазақстан үшін маңызды, өйткені еліміз - Еуразия континентіндегі тұрақтылық тірегі ретінде революциялық емес, эволюциялық өзгерістерді таңдап алған мемлекет. Яғни бұл жердегі Президенттің де бастаған мақсаты, стратегиясы - күрт бұрылыстарсыз, прагматикалық тәсілмен егемендікті нығайту", - деп түйіндеді сарапшы.