"Қазақстан Орталық банктің (CBDC) цифрлық валютасын пайдалануды жүйелік деңгейге дейін кеңейтуші әлемдегі алғашқы елдердің бірі бола отырып, маңызды қадам жасауда. Ұлттық қор жобаларында сәтті сынақтан өткеннен кейін цифрлық валюта республикалық және жергілікті бюджеттерге, сондай-ақ квазимемлекеттік секторға енгізілетін болады". Бұл туралы экономика маманы Руслан Сұлтанов Telegram-дағы Tengenomika арнасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сөйткен ол цифрлық теңгенің эволюциясын былайша сипаттайды:
- Аяқталған кезең: Ұлттық қордың жобаларында жүргізілген тестілеу жүйенің техникалық дайындығын және оның тиімділігін көрсетті.
- Ағымдағы кезең: республикалық және жергілікті бюджеттерге масштабтау, мемлекеттік холдингтерді цифрлық есепайырысу жүйесіне қосу.
- Перспектив️алық кезең: жеке сектордың қатысуымен цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін дамыту.
"Мемлекеттік секторда цифрлық теңгені енгізу қаржыны басқару тәсілін түбегейлі өзгертеді. Әрбір операция сандық жүйеде тіркеледі, бұл қаражаттың бөлінген кезден бастап соңғы алушыға жеткенге дейінгі қозғалысын бақылауға, мәселелерді анықтауға және шығындарды бақылауға мүмкіндік береді. Автоматтандыру бюджеттік операцияларды жылдамдатады және қателіктер қаупін азайтады, ал нақты уақыттағы деректер негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі", - дейді Руслан Сұлтанов.
Ал ол бұл реттегі негізгі технологиялық сын-қатерлер мен шешімдерге мыналарды жатқызады:
- Қауіпсіздік: кибершабуылдан қорғау және халықаралық стандарттар бойынша деректерді брондау;
- Интеграция: қолданыстағы банктік платформалармен үйлесімділік және ағымдағы процестерді бұзбай біртіндеп ауысу;
- Қызметкерлерді оқыту: мамандарды жаңа цифрлық құралдармен жұмыс істеуге дайындау.
Оның айтуынша, сандық экожүйені қалыптастыруда цифрлық теңгені енгізу ауқымды технологиялық архитектураның бір бөлігі болып табылады.
Атап айтқанда:
- Сандық технологияны ескере отырып, банктер туралы жаңа заң қабылдау;
- Инновация тұрғысында финтех секторды ырықтандыру;
- Стратегиялық крипторезерв ретінде мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру;
- Цифролық активтердің толыққанды экожүйесі.
"Цифрлық теңгені масштабтау ашық және тиімді мемлекеттік қаржы салысының негізін қалайды. Ұзақмерзімді перспективада бюджетаралық жүйелермен интеграция, қаражатты мақсатты пайдалануды бағдарламалау және аналитикалық құралдарды дамыту маңызды. Қазақстанның тәжірибесі басқа елдер үшін цифрлық валюталарды жүйелі деңгейде енгізуде бағдар бола алады", деп сөзін түйіндейді маман.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін айтып, құзырлы органдарға арнайы тапсырма берді. Бұл ретте "Банктер туралы" заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам екені де нақтыланды. Президент бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет екенін, сондай-ақ аталған құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керектігін баса атап өтті.