«Самұрық-Қазына» Қайрат Боранбаевтың мұнай компаниясын нарықтық бағадан төрт есе төмен бағаға сатып алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Курсив» басылымының хабарлауынша, әңгіме Phystech II компаниясы туралы. Мәміле құны - 8,1 млрд теңге. Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) компанияның активтерін 35,4 млрд теңгеге бағалаған болатын.
«Самұрық-Қазына» жарияланған акциялар шегінде 1 мың қарапайым акцияны орналастырды, олардың әрқайсысының бағасы 8,1 млн теңге деп белгіленді. Артықшылықты сатып алу құқығы қордың жалғыз акционері – Қазақстан үкіметінде болды.
Үкімет бұл акцияларды Phystech II компаниясының толық акциялар пакетімен төледі.
Бұрын компания кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған, алайда 2023 жылдың күзіне қарай ол мемлекетке ерікті түрде және өтеусіз берілді.
Айта кетейік, Phystech II 2015 жылы Ақтауда тіркелген. Компания шикі мұнай мен ілеспе газ өндірумен айналысады. Мұнай Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында өндіріледі.
Компанияның 2078 жылға дейін игеру және өндіру жоспарлары бар. Жалпы 7,2 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр.