"Реванш болмайды". Спорт журналисі көкпардан қазақ-қырғыз дауына қатысты мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 17 сент. 2024 11:03 3070

Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов көкпардан қазақ-қырғыз дауына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Оның сөзінше, көкпардан реванш болмайды. Қазақстан 2026 жылы өтетін ойындарға дайындалады.
"Қырғызстан көкбөрі федерациясы басшысының ұсынысын көрдім. Абсурд қой. Кейін өзіміздің салаға жауапты мамандармен сөйлестім. Қысқасы, қараша айында реванш болмайды. Оның ешқандай мәні жоқ және оны өткізуге ешқандай негіз де жоқ. «Ойын екі халық арасында алауыздық тудырмауы керек. Біз халықтарымыздың келісімі үшін жеке амбициялардан бас тартуға дайынбыз» - деген пікірді алға тартыпты. Ендеше сәл тереңірек ойланайық. Жоқ жерден дау шығарып, көк туымызды құрметтемеу, әнұранымызды тыңдамау, нені білдіреді? Кімдер осындай қадамға барды? Жеке амбиция деген не? Қазақтың жерінде қазақтың спортынан ұтып, әлем алдында масқара қылып кету ме? Ендеше, ренжімеңіз. Сіздердің жоспарыңыз орындалмағанына біздің жігіттер кінәлі емес.
Сіздердің ғана көңіліңізге қарап, жеңіліп қалуға тағы болмайды. Бұнда да қалың ел бар. Олардың да қуануға қақы бар. Оны неге ескергіңіз келмейді? Оны неге шетке сырып тастадыңыздар?
Одан кейін Қазақстан тарапы финалдан кейін кешкісін дастархан жайып, диалогқа шақырды. Командадағы жігіттердің бірі келмеді. Екі халықтың келісімі үшін сол кезде неге жеке амбициядан бас тартпадыңыз? Ойын ойынымен. Бірақ, сол кезде-ақ дастарханда отырып, бір тоқтам жасауға болатын еді ғой. Жарайды. Бұның барлығы эмоция.
Реванш болмайды. Оны айта берудің қажеті де жоқ деп ойлаймын. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы келесі матч 2026 жылы өтеді. Соған дайындаламыз..." - деді журналист.
 
Еске салайық, бұған дейін дүниежүзілік көшпенділер ойындарында турнирдің финалында Қырғызстан мен Қазақстан құрамаларының көкпаршылары жаппай төбелесе жаздаған болатын. Бірінші таймның бітуіне 6 минут қалғанда 1:3 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шыққан. Осыдан кейін жанжал басталып кеткен. Спортшылар бірін-бірі қамшымен ұрып, кейін полиция келіп, оларды ажыратқан.
 
Финал уақытша тоқтатылып, қос тарап сабырға келіп, кейін ойын жалғасты. Ал нәтижесінде қазақстандық шабандоздар финалда қырғыз шабандоздарын ұтты. Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға озған. Алайда қырғыздар ойын аяқталар тұста салым салып, нәтижені теңестіріп кетті. Қосымша уақыттағы сайыста 5:4 есебімен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Ал қырғызстандық спортшылар марапат аяқталғанын күтпей, трибунадан кетіп қалған. 

Артынша Қырғызстанның көкпар федерациясы қазақстандық тарапты тағы бір шешуші ойынға шақырды. Қырғызстан тарапы 1 қарашада Ыстық-Көлде Келісім кубогын өткізуді ұсынды. Қазақстан тарапына шақырту хаты да жіберілген. 

"1 қарашада көкбөрі және көкпарды сол құраммен ойнауға шақырамыз. Бұл - спорт, ойын екі халықарасындағы алауыздықты тудырмауы керек. Біз халықтарымыздың келісімі үшін өз амбицияларымыздан бас тартуға дайынбыз. Судья басқа елден болады", - деді көкбөрі федерациясының басшысы Рамис Джунусалиев. 


Рекомендовать
Последние новости