Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда салынуы жоспарланған үш жылу электр орталығы (ЖЭО) жобасының қазіргі жай-күйіне тоқталып, олардың екеуі бойынша Ресей тарапынан әзірге жауап жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, Көкшетаудағы ЖЭО-ны салу жобасын Қазақстан өз күшімен іске асыруды шешкен. Бұл туралы үкімет премьер-министрдің жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясын ресми түрде хабардар еткен.
"Жазда үкімет Көкшетаудағы ЖЭО-ны өзіміз жүзеге асырамыз деген шешім қабылдады. Жұмыстар басталып кетті: күзде жер қазу жұмыстары жүргізілді, алаңды дайындау жарты жылдан бері жүріп жатыр. Тапсырыс беруші - Энергетика министрлігі, жоба «Самұрық-Энерго» компаниясына берілді, барлық жұмысты осы компания атқарады", - деді Ерлан Ақкенженов.
Ал қалған екі ЖЭО-ның құрылысына қатысты жағдай әзірге белгісіз күйде қалып отыр.
"Қазіргі таңда Ресей Федерациясы тарапынан жеңілдетілген қаржыландыру бойынша нақты жауап алған жоқпыз. Қазақстан тарапы бұл мәселені қолайлы сәттерде көтеріп келеді, алайда мемлекетаралық жеңілдетілген несие бойынша шешім әлі қабылданған жоқ", - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, егер алдағы уақытта бұл мәселе шешілмесе, Қазақстан аталған жобаларды да өз ресурстары есебінен жүзеге асыруға мәжбүр болады.
2025 жылдың мамыр айында Қазақстанда ЖЭО құрылысына қатысты өзге инвестор пайда болуы мүмкін екені хабарланған. Әңгіме Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жобалар туралы болған.
