Ресей компаниясы – Қазақстаннан 30 жылға дейін салықтан босатуды талап еткен

Dalanews 10 янв. 2023 05:52 913

Бүгінде Қазақстаннан Ресейге тауар жеткізуде Wildberries компаниясы қарқынды жұмыс істеуде. Wildberries Ресейдің компаниясы. Батыс елдері Ресейге санкция салғаннан кейін Wildberries асығы алшысынан түсіп, екі ел арасындағы сауда-саттық қыза түскені белгілі. Аталған компания Қазақстан нарығына кіріп жұмыс істеуі үшін биліктен 30 жылға дейін салықтық жеңілдік сұрады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Wildberries Қазақстан нарығына толықтай кіріп жұмыс істеуі үшін 30 жылға дейін салықтан босатуды және Қазақстанда қоймаларын салу үшін көмек көрсетуді сұрапты. Мұны ҚР Сыртық істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті.

– Қазақстан нарығына әлемге танылған компаниялардың келіп жұмыс істегені ел экономикасы үшін пайдалы. Бірер жылдан бері Wildberries компаниясының елімізде жұмыс істеуі үшін келіссөздер жүргіздік. Өкінішке орай, Wildberries алғашқы келіссөзде Қазақстан нарығына кірген сәтте өздерін 30 жылға дейін салықтан босатып, Қазақстан аумағында қоймалар салуға көмек көрсетуін талап етті. Әрине, атқарушы билік шетелдік компанияға мұндай жеңілдік жасай алмайтыны белгілі. Сондықтан біздер олардың ұсынысынан бірден бас тарттық, – дейді Алмас Айдаров.


Сыртқы істер министрінің орынбасары Wildberries-тен бөлек Apple компаниясымен Алматы қаласында сауда-саттық бойынша ресми өкілдігін ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқандарын тілге тиек етті.

– Дәл қазір Apple компаниясына Қазақстан өндірістік базасын ашу турасында ұсыныс айту орынсыз. Өйткені біздің елімізде бәсекеге қабілетті смартфон шығаратын іс-тәжірибе мен білікті мамандар мүлде жоқ, – деді Алмас Айдаров.

Ал Apple компаниясы Қазақстанда сауда-саттық бойынша ресми өкілдігін ашуға қатысты ұсынысты қарастырып, шешім қабылдау үшін 3-4 жыл керек екен. Бірақ Apple Ресейдің Wildberries компаниясы секілді адам айтса нанғысыз жеңілдіктерді талап етпеген.


30 жыл бойына Ресейдің компаниялар Қазақстанды май шелпек санап келгені жасырын емес. Олар қалған жеңілдігін алып, еліміздің сауын сиырға айналдырды. Енді мұндай жалпақшешейлікке жол бермеуміз керек.

Рекомендовать
Последние новости