ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ МЕШІТІ

Dalanews 03 февр. 2015 05:22 1657

 

(АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕ)

 Бір күй бар...

Жолжазбамызға осылай ат қойып, айдар тағуымыздың себебін мақаланың соңына қалдыруды жөн көрдік. Әуелі көрген-түйгенімізді тарқатып айтсақ. Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітін зиярат ету – әу бастағы мақсатымыз еді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарияланған «Дін мен дәстүр» жылына орай тарихи мешітті бетке алудың сәті түсті. Ойымыз – тарихтан тағылым алу, кешегі мен бүгінгіні сабақтастыру. Шіркін, қасиет қонған Қарқаралы десеңші. Бұл кешегі Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақпаев жазып, ұлт үшін басын қатерге тіккен 42 бабамыз қол қойған әйгілі Қарқаралы петициясы қабылданған жер. Қазақты нағыз мұсылман етудің 47 жолын көрсетіп, қол қойғандар патшаға: «...біз қымбат құнмен есеп айырысамыз», – депті. Үшінші пунктте: «Қырғыздарға (яғни, қазақтарға) мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын...» деген талап қойылған. Бабалар армандаған талап бүгін орындалды. Бірақ өздері көре алмай кетті. Мұсылмандыққа бекем болмаса, «тар жол, тайғақ кешпес» еді, сірә. «Өзгелер үшін өмір сүру», – деген пайғамбар даналығы осы болса керек.

Құнанбай қажының мешіт тұрғызуы тегін емес. Сол кезде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған ол 1850 жылдың 7 қаңтарында Сібір қырғыздарының шекара бастығы Клейст мырзаға жазған хатында: «...мешіт құрылысы дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік-имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді... Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін...», – депті.

Мешіттің төбесіндегі қызыл ағаш сол қалпы сақталыпты. Отқа салса жанбайды. Бас имам Әміржан Әшімұлы бізге қызықты оқиғаны баяндап берді. 1924 жылы жергілікті шолақ белсенділер Алла үйін өртеп жіберу туралы бұйрықты орындауға кіріседі. Мешіттің шығыс жағындағы бұрышына үлкен ағаштарды жинап, от қояды. Тілсіз жау құлшылық үйіне әсте әстер ете алмапты. Алланың құдіретімен ойнағандар екінші бұрышында отты күшейтеді. Ол әрекеттерінен де түк шықпаса керек. Құлшылық үйінің бүйіріне үйіп, қалап жаққан ағаштары күлге айналғанмен, ағаш мешіттің қабырғасын тек қара күйе шалады.

Адамзат баласы талай зілзала мен су тасқындарының куәсі болды. Сол табиғи апаттардан аман қалған Алла үйлері әлі күнге дейін иманды жанның рухын асқақтатумен келеді. Қазақтың: «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегені осы болар.

«1924 жылы Имаш дейтін кісі мешітті өртемек болғанымен қоймай, мұнарасын балтамен шабады. Мұнараны жыққан бетте қолынан балтасы ұшып, өзі де жерге құлайды. Екі қолы көкірек тұсына қарай бүгілген күйі өзі құлатқан мұнараның жанында жан тәсілім етеді. Ол кісінің бейіті ауыл шетінде. Бұдан адамзат баласы сабақ алуы тиіс. Құдайдың құдыреті сол, ағаш мешітті өртеймін деп, іске кіріскен бір кісінің көзіне шоқтың ұшқыны тиіп, жанарынан айрылған», – дейді Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Әміржан Әшімұлы.

[caption id="attachment_9011" align="alignright" width="400"]КУНАНБАЙ МЕШИТИ Қарқаралыдағы Құнанбай қажы салдырған мешіт[/caption]

Құнанбай қажы мешітінің тарихын 1990 жылдан бері зерттеп келе жатқан өлкетанушы Ерлан Мұстафин мырза тың деректермен бөлісті. Мұрағаттан жинаған мағлұматтары мол екен. «Абай жолы» романында: «...Бұндағы қонақтың көбі қаланың татар саудагерлері, қазақ байлары және тап ортада жаңа мешіт имамы Хасен молда көрінді...» деген деректер кездеседі. «Хасен имамның «ахун» деген діни дәрежесі болған. Мендегі құжат бойынша, Хасен ахун имамдық қызметте жүргенде намаз оқып, балаларға сабақ берген, болыстарды аралап, халықтың діни сауатын ашқан. Жас жұбайлардың некесін қиып, балаларды сүндетке отырғызған. Хасен имам жан-жақты діни қайраткер болған», – дейді өлкетанушы.

Имамның айтуынша, мешіт ашылған жылдары 11 қари (Құранды толық жатқа білетін адам) қызмет етіпті. Тозығы жеткен мұндағы арабша кітаптар солардан қалса керек. Құранның сол кездегі нұсқасы да сақталыпты.

Құнанбай қажы мешітіне табан тірегенімізде, екінті намазының уақыты таяп қалған екен. Бізге ілесіп барған ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Қазкенұлының кеңесшісі әрі көмекшісі Нұржігіт Мұсабеков бауырымыз азан шақырды. Азан шақырылғанда лағынеті шайтан азанның даусы естілмейтін жаққа дейін қашады екен. Халқымыздың: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген даналығы хадиспен үндесіп жатқаны түсінгенге мол тағылым.
Қос құлшылық бөлмесі бар мешітте бір мезетте 300 адам намаз оқи алады. Бір кездері мешіт пионерлер үйі болды. Азық-түлік сақтайтын қоймаға да айналған. 1941-45 жылдарда, яғни зұлмат замандарда, тың игеру кезеңдерде әртүрлі елден келген келімсектер мешітті паналайды.

Екінті намазы оқылып, бас имам Құнанбай қажының рухына арнап қасиетті Құран аятын бағыштады. Иә, кешегі Құдайсыз қоғамда өмір сүрген текті бабаларымыз Қарқаралыдан мешіт тұрғызып, қажыға да барды. Нағыз ерлік емей, немене?!

Қос құлшылық бөлмесі бар мешітте бір мезетте 300 адам намаз оқи алады. Бір кездері мешіт пионерлер үйі болды. Азық-түлік сақтайтын қоймаға да айналған. 1941-45 жылдарда, яғни зұлмат замандарда, тың игеру кезеңдерде әртүрлі елден келген келімсектер мешітті паналайды. Алла үйінде бір күн аялдап: «Мұнда түнеу мүмкін емес. Түнде беймәлім сөздер айтылады. Біреу үй ішінде жүргендей сезіледі», – деп қаша жөнелгенін ауыл қариялар айтып берді. Осылайша, елес кезіп, естері шыққан деседі.

Дінге қысым жасалған жылдары адам қолымен құлатылған мешіт мұнарасы Алланың әмірімен қайта бой көтерді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді», – деген екен.

Бас имамға ұйып, екінті намазан өтеуге шыққанда, қатарымызға орыс жігіті келіп қосылды. Жамағатпен намаз оқып болған соң сыртқа асығыс шығып кетті. Сұрастырып білсек, мешітке жақын мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді екен. Үзіліс уақытын пайдаланып, намазын жамағатпен оқиды. Асығыс шығуының себебін сосын білдік. Сабаққа кешігіп қалмайын деген болар. Біз онымен сұхбаттасуға бекіндік. Исламға келуіне нендей жағдайлар түрткі болғанын білгіміз келіп, жұмысына іздеп бардық. Бірақ таппадық. Сәті түспеген сұхбатты ендігі жолы алармыз деп өзімізді жұбатып та қойдық. Әйтпесе, кешегі мешітті жермен жексен ете жаздаған солақай саясат түбінде жүзеге аспай, тіпті, орыс ұлтының өкілдері бүгінде бақытын Исламнан тауып, мешітке қадам басқаны кімді болсын қуантарлық жағдай емес пе? Ислам – хақ дін деген осы. Әрине, бәрі Алланың қолында. Тек ниет күшті болса, адам мақсатына жетпей қоймайды екен. Даналық пен имандылықты ұштастырған аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы ұрпағына өлмес өнеге қалдырды. Хадис-шәріпте: «Мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады», – делінген.

Құлшылық үйін тұрғызу бір кездері өміріңді қатерге тіккенмен бірдей болса, қазір ешкім оған кедергі емес. Өртеп, қирата жаздаған Құнанбай қажы мешіті бүгін мемлекеттің қорғауында. Тәуелсіз Қазақ елінің күні туды. Бірлікке сызат түсірмей, бейбіт күнді қадірлей білсек болғаны, ең бастысы.

Айтпақшы, Исламды­ қабылдаған орыс жігітімен сұхбаттаса алмай, «Айтылмай қалған әңгіме» деп тақырып қоюымыздың себебі осы еді.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Астана – Қарқаралы – Астана

Рекомендовать
Последние новости