Қуандықты да, оны мерзімінен бұрын босатқан сотты да соттау керек – Дос Көшім

Қаракөз Амантай 04 мар. 2024 17:22 4577

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған болатын. Көптің қызу талқысына түскен қылмыстық іс әлі де тергелу үстінде. Алайда қанды қылмысқа барған күдіктіні ақтап шығу науқаны қазіргі таңда қарқынды жүріп жатыр. Бұл істің артында күдіктінің әкесі Уәлихан Бишімбаев тұрғаны бәрімізге белгілі. "Ескі Қазақстан" кезеңінде экс-министр жазадан жалтарып, түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан еді. Ал бұл жолы әділ жазасын алуы мүмкін бе?! Бұл туралы Dalanews.kz агенттігі саясаттанушы Дос Көшімнің жеке пікірін сұрап көрді.  

Жемқорлық бойынша ұсталып, мерзімінен бұрын босап шыққан Бишімбаев

Бұған дейін Бишімбаев жемқорлық жасады деген айыппен 2018 жылы наурызда 10 жылға түрмеге кесілген болатын. Кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рақымшылығына ілініп, 2019 жылы қазан айында шартты жазамен бостандыққа шықты. Ол жемқорлыққа қарсы науқан аясында қылмыстық қудалауға іліккен министр қызметіндегі алғашқы "Болашақ" түлегі болды.  

Оқиға қалай өрбіген еді?

Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев Бишімбаевтың "Бәйтерек" холдингінің экс-басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны туралы хабарлаған. Тергеу материалдарына сәйкес, Бишімбаев холдинг директоры ретінде Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына жауапты болған кезінде мердігерден ірі көлемде пара алды және "Бәйтерек" холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен 2017 жылдың 10 қаңтарында ұсталады.

Бұрынғы министрге қатысты сот төрт айдан астам уақытқа созылды.  Алайда Бишімбаев сотта барлық айыпты жоққа шығарып, бұл іске қатысты нақты дәлел жоқ екенін алға тартқан еді. Ол соттағы сөзінде "Назарбаевтың сенімді адамы" болып қала беретінін жеткізген.

2018 жылдың наурызында сот экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айырады.  Ал 2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырып, қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде "жақсы мінез-құлық" көрсетіп, сот тағайындаған "арыз-талапты өтегенін" хабарлаған. Осылайша экс-министр өз мерзімінің, яғни сот тағайындаған 10 жылдың 2 жыл 9 айын ғана түрмеде өтеп шықты.

Күдіктінің екінші рет темір торға ілігуі

Ал кейін, 2023 жылдың қарашасында Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен тағы да қамауға алынды. Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Күдіктіге қазіргі таңда қылмыстық істің "Қинау" және "асқан қатыгездікпен кісі өлтіру" баптары бойынша іс қозғалған.

Осы тұста саясаттанушы Дос Көшім бұрынғы жіберілген қателік, қазіргі қылмыстың жүзеге асуына айтарлықтай жол ашқанын алға тартады. Оның айтуынша, Бишімбаевтардың қолында жазаны жеңілдетіп, өздерін ақтап шығуға толық мүмкіндік бар.

"Мұның бәрі тергеудің қалай жүргеніне байланысты. Тергеуде біраз нәрсені жасауға болады. Ақтап алмаса да, жазаны жеңілдету бағытында. Бұл адамдарда ондай мүмкіндік бар деп ойлаймын. Әрине, "ақтап алу науқаны" міндетті түрде жүреді. Менің ойымша, бұған күдікті тараптың ақшасы да, мүмкіндіктері де жетеді. Бірақ енді "Жаңа Қазақстан" деп отырғанда және екінші рет сотталайын деп отырған адамды жібере қоймайтын шығар. Дегенмен жазаның өз деңгейіндегі қылмысқа сай жазадан төмен болуына алып келуі әбден мүмкін", - дейді саясаттанушы.

Ол Уәлихан Бишімбаевтың баласын "ақтау науқаны" бұрынғы биліктің күшіне тікелей байланысты болатынын жеткізді.

"Әңгіме оның биліктегі қауқарында емес. Әңгіме биліктегі адамдардың ымдасып-жымдасып, біріне-бірі көмектесіп, бәрі бір топ есебінде жұмыс істеуінде. Демек бұған сот та жатады. Сол биліктің басында отырған сотқа жоғарыдан нұсқау мен тағы басқа мәселелер әрдайым келеді. Сондықтан әңгіме билікте болған кезінде оның (Уәлихан Бишімбаев, ред.) қаншама досы, қаншалықты туған-туысы және қаншалықты оған қарыз адамдары қалды - cоларға байланысты болмақ. Сол себепті әңгіме Бишімбаевтың қауқарында емес, әңгіме сол бұрынғы биліктің бірлігінде. Тырнақшаның ішіндегі "бірлігінде", бірін-бірі бермеуі, бірін-бірі қылмысқа қимауы", - деп сөзін жалғады Дос Көшім.

Саясаттанушы мұндай қылмыстың орын алуына Қуандық Бишімбаевты бірнеше жыл бұрын ақтап шыққан бұрынғы соттың қатысы бар екенін және олардың да күдіктімен бірдей жазаға тартылуы керек екенін атап өтті.

"Менің ойымша, 2017 жылы ұсталып, он жылға сотталған Бишімбаевты түрмеден мерзімінен бұрын босатып шығарған сотты да жазалау керек.  Бишімбаевқа қанша жыл берсе, сотқа да сонша жыл берілу керек. Себебі оны шығармаса, мұндай қылмыс, яғни "жас келіншек" қаза таппас еді. Сондықтан бұрынғы сот жазаланады деп ойлаймын. Неліктен шығарды? Біз бәріміз білеміз жоғары лауазымдағылар 10-12 жылға сотталып жатады. Алайда 2-3 жылдан кейін премьер-министр де шығып кетті. Ақшасын беріп шықты дейді. Осы тұста "жазасын жақсы өтеуші" ретінде Бишімбаев та босап шықты. Бұлардың бәрі шығып жатыр және оны бүкіл халық көріп отыр. Сондықтан менің ойымша, басқаларға сабақ болуы үшін күдіктіні екі жылдан кейін шығарып жіберген сотты міндетті түрде жазалау керек. Себебі оның осы қылмысқа тікелей қатысы бар", - деп сөзін қорытындылады Дос Көшім.

Еске салайық, 2017 жылы күдікке ілінген Бишімбаевты мерзімінен бұрын босату туралы қаулыны Абай аудандық сотының судьясы Марат Шәріпов шығарған болатын.

Ал екінші рет темір торға қамалған күдіктінің бұл жолғы қылмыстық ісі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Құлбаеваның қарауында болады. Қуандық Бишімбаевқа қатысты алғашқы сот отырысы наурыздың 11-не белгіленді.

Әзірге істің қалай өрбитіні белгісіз... Алайда халық пен жәбірленуші тараптың жақындары соттан тек әділдік күтеді.


Рекомендовать
Последние новости