Қызылордадағы сұмдық: Салтанат Нүкенованың ағасы оқушы қызға ақша жинап берді

Көркем Алдабергенова 22 авг. 2024 14:27 2202

Айтбек Амангелді сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 жастағы оқушы қызға 18 миллион теңгеге жуық қаржы жинап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

"Бұған дейін оқушыға көмек ретінде ақша жинаған болатынбыз, қаржы қыздың әпкесіне Аидаға жіберілді.  

Ақшаны 14-17 тамыз аралығында жинадық. Қазіргі таңда ақша жинау тоқтатылды. Бәрінің есебін көрсетеміз. Екі жарым күннің өзінде 17 984 909 теңге жиналды", - дейді Айтбек Амангелді. 

Ол ақша не үшін жұмсалғанын кез келген адам құжаттан көре алатынын жеткізді. 

"Жиналған қаржы не үшін жұмсалып жатқанын ашық көрсету үшін арнайы кесте дайындадым. Оқушы қыздың отбасының алдында күн сайын кестені толтырып, оны құжатқа салып отыру міндеттелді. Құжатты кез келген адам көре алады", - дейді Айтбек Амангелді. 

Еске салайық, тамыздың басында Қызылордада сұмдық жайт болған еді. 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген деген хабар тарады. 

"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.Қазіргі таңда оқушы қыздың үйіне күзет қойылды. 

Осы іске байланысты облыстағы жауапты мамандар қызметінен қуылды.  


Рекомендовать
Последние новости