Ақтөбе облысында қызғалдақ ұстап суретке түскен әкімге қандай шара қолданылғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұғалжар ауданында ауыл әкіміне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Шенеуніктің гүл ұстаған суреті әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін полиция тексеріс жүргізіп, әкімге қатысты әкімшілік хаттама толтырған.
"ҚР ӘҚБтК 127-бабы бойынша ("Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен қамқорлық жасау міндеттерін орындамау") әкімшілік хаттама толтырылды, себебі оның айтуынша, гүлдерді кәмелетке толмаған балалары теріп алған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің этикасы жөніндегі кеңесте қарау үшін аудан әкімдігіне ұсыныс жолданды", – деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында жергілікті шенділердің бірінің басы дауға қалғаны хабарланды.
Мән-жай
Жергілікті Instagram парақшалардың бірінде ақтөбелік шенділердің бірі қызғалдақ жұлғаны туралы ақпарат тарады.
"Заң бойынша тыйым салынған емес пе? Аудан әкімі. Шара қабылдауларыңызды сұраймыз", - деп жазылған ақпаратта.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті жағдайға пікір білдірген.
"Бұл ақпарат тексеріліп, құқықтық баға беріледі", - деді полиция.
Әкімнің пікірі
Orda.kz мәліметінше, суреттегі шенеунік - Ақтөбе облысында Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаева.
Енді Мұғалжар ауданы Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаеваның қандай қызғалдақ жұлғанын полиция тексермек.
Басылым дерегіне сүйенсек, шенді "жұлуға болмайтынын білмедім" деп ақталған.
"Күні кеше түскен сурет. Демалыста балалармен далаға серуенге шықтық. Қандыағашқа қарай Жұрынның қасында тасжолдың бойында болдық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүлді танымайды екенмін. Мен оны жұлуға болмайтынын білген жоқпын. Басқа жақта Қызыл кітапқа енген гүлді жұлуға болмайтынын білемін. Елдің бәрі жұлып жатты. Ойымда ештеңе жоқ. Әйтпесе, міне, мен жұлдым, міне, суретке түстім деп нем бар", - деген Ләззат Бердібаева.
Бұған дейінгі оқиға
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды кесіп, көлігіне тиеп жатқан әйелдің видеосы тараған болатын. Кейін полиция департаменті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы табиғи алқапта сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар қызғалдақтарды заңсыз терген Шымкент тұрғыны анықталғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген өсімдіктерді заңсыз жою дерегі бойынша сараланады.