Қыз еркем, кестесімен көркем

Dalanews 23 мая 2019 11:17 1332

Бүгінде кәсіпкерлікті тіршілігінің тұтқасына айналдырған тұрғындар аз емес. Мемлекет берген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, бизнесте жолы болғандар жетерлік. Əсіресе, кейінгі жылдары бұл салаға бет бұрғандардың арасында нәзік жандылардың үлесі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Шу ауданының тұрғыны Маржан Байманасованың да кәсіпкерлік салада жүргеніне де 10 жылға жуықтапты.

Еңбек жолын фабрикада қарапайым тігінші болып бастаған ол жеке кәсіп иесі болуды кішкентайынан арман еткен.  Бүгінде Шу қаласында тігін шеберханасын ашып, 10-нан аса адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкердің тасы өрге домалап-ақ тұр.

- Бала кезімнен ұлттық нақыштағы киімдерді тігуге құмартып өстім. Тігіншілік қасиет анамнан дарыған. Ол кісіге әкесінен бұйырыпты. Нағашы атам көзі тірісінде өз қыздарына той көйлектерін тігіп, құтты орындарына қондырған екен. Бала кезімде алғаш киім тіге бастағанымды көрген анам: «Осы қыз тігінші болады-ау» деп маған сүйсіне қарайды екен.Өсе келе, осы тігін саласының қыр-сырына қанық болу үшін 1989 жылы Тараз қаласындағы «Сұлу» фабрикасында тігінші болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай бастадым. Кейіннен,тәуекелге бел буып, азды-көпті тігін машиналарын алып, аз ғана адаммен өз кәсібімді бастап кеттім, - дейді кәсіпкер.

Маржан Тараз қаласының тумасы. Мектепті де сол жақта бітіріп, кәсіптік техникалық колледжде тігінші мамандығы бойынша білім алған. Өмірлік жарын Шу өңірінен жолықтырып, отау құрғаннан кейін де тігіншілікті тастамаған. Аудандағы ательелерде жұмыс істейтін тігіншілермен бірге мейрамхана, мектеп және тағы басқаларының перделерін әсемдеп, сәнді етіп тігумен айналысады. Тәжірибесі толысқан кезде өз кәсібін қолға алуды ұйғарған Маржан 2008 жылы «Байманасова» жеке кәсіпкерлігін ашады. Алғашында шағын ғана бөлмелерді жалға алып, киім тігу, қысқарту, өңдеу сынды жұмыстардан бастаған. Уақыт өте келе, ою-өрнекпен өрілген, кестемен  көмкерілген ұлттық үлгідегі киімдері арнайы тапсырыспен тігіле бастапты. Кәсібін жаңадан бастағанда немістің «Zinger»тігін машинасымен жұмыс істесе, қазіргі таңда шеберхана күрделі жұмыстарды оңай атқара алатын арнайы тігін машиналарымен жабдықталған. Қыз ұзату, құда түсу, бесікке салу, тұсаукесер, үйлену тойы рәсімдері Маржанның тұрақты табыс көзіне айналған. Қазіргі кезде Шу ауданындағы ұлттық мерекелер, салтанатты шаралар тігіншінің қолынан шыққан дүниелерсіз өтпейді. «2012 жылдан бастап келісімшарт арқылы Шу ауданы мен Мойынқұм ауданының Мәдениет үйіне тапсырыспен киім тігемін. Ол көбінде, оркестрлар, әншілер және бишілерге арналады. «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сынды байқауларға да тапсырыстар көп түседі», - дейді Маржан Есенгелдіқызы.

 

Рекомендовать
Последние новости