«Қытай орыстың газынан бас тартты». Мишустин сапары сәтсіздікке ұшыраған

Dalanews 29 мая 2023 08:31 1248

Кремль Украинаға соғыс ашып, Батыспен жүз шайысқалы бері өзінің отын энергетикалық ресурстарын Қытайға экспорттайтынын айтып, «Сила Сибири-2» газ құбырын салу турасында мәселе көтеріп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Бұл үшін бірінші кезекте Қытайдың қолдауы керек. Әзірше ресми Бейжің Ресейдің позициясын қолдаған жоқ.

Reuters агенттігінің таратқан ақпаратына сенсек, бүгінде Қытай Ресейден гөрі Түркіменстаннан газ құбырын тартуға ықыласы ауып отыр.

7 жылдан бері Ресей Қытайға қарай «Силу Сибири-2» газ құбырын тартып, жылына қосымша 50 млрд текше метр көгілдір отынды экспорттауды көздеген-ді.

Бірақ өңірдегі саяси ахуалды басшылыққа алған Қытай Ресейдің арзан газынан бас тартып, өздеріне қажетті көгілдір отынның қомақты бөлігін Түркіменстаннан тасымалдауды жөн деп тапты.

Қытай түркімен газы 30%-ға қымбат болса да, осы бағытты таңдады. Алдағы уақытта түркімендер «Line D» газ құбыры арқылы Қытайға жыл сайын тағы да 30 млрд текше метр газ экспорттайтын мүмкіндікке ие болады.


Осылайша Қытай «Силу Сибири-2» газ құбырының құрылысын тағы да белгісіз мерзімге шегерді.

– Дәл қазір Қытай Орталық Азия аумағында энергетикалық инфрақұырылымдарға инвестиция салуды оң шешім деп қабылдайды. Өйткені, Орталық Азияның энергетикалық желілерін дамыту ісі Қытай үшін стратегиялық маңызды мәселе болып тұр. Бұл жерде коммерциялық тұрғыдан пайымдау қателік болады, – дейді Reuters агенттігіне пікір білдірген белгісіз қытайлық шенеунік.

Таяуда Financial Times басылымы да «Сила Сибири-2» газ құбырын тартуға қатысты келісімдерді кейінге қалдырғанын жазған болатын.

Ал осыдан біршама уақыт бұрын Қытайға ресми сапармен барған Ресей премьер-министрі Михаила Мишустин де бұл істі тездетуге күш салғанымен, оның әрекетінен түк шықпады. Қытай қазір Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын күтіп, аңысын аңдуда.

Бүгінде Қытай сырттан қомақты газ сатып алатын дүниежүзіндегі үш елдің бірі. Олар өздеріне қажетті көгілдір отынды газ құбыры арқылы Ресей, Мьянма және Орталық Азия (негізінен Түркіменстан) елдерінен тасымалдауда. 2022 жылы Қытай газ құбырлары арқылы 45,8 млн тонна көгілдір отын тасымалдаған. Бұл Қытайдың тұтынатын жалпы газының 17%-ын ғана құрайды.

Сонымен қатар Қытай өткен жылы 63,4 млн тонна сұйытылған газды да өзге елдерден сатып алды. Бұдан сұйытылған газ Қытайдың сұрынысын 41%-ға қанағаттандырып отырғанын байқаймыз.

Қазір Қытайға айналасындағы елдерден газ құбыры арқылы көгілдір отынды тасымалдау аса тиімді болып тұр. Сол себепті жақын уақытта Қытай өзіне қажетті газдың 20%-ын газ құбырлары арқылы тасымалдауға күш салады.


Қытай 2014 жылы «Line D» газ құбырын салуды ойға алғанда оның құны 6,7 млрд долларға бағалған болатын. Күні кеше ғана Сианьда өткен «Орталық Азия және Қытай» форумында төраға Си Цзиньпин Орталық Азиядағы Қытайға тартылған төртінші газ құбырын тездетіп салуға пәрмен бергені белгілі.

Өткені жылы Қытайдың Түркіменстаннан экспорттағангазы  35 млрд текше метрді құраған болатын. Ал дәл осы уақытта Ресейден тасымалдаған газдың көлемі 16 млрд текше метрге (4 млрд доллар) жеткен-ді.

Егер «Line D» газ құбыры салынатын болса, Қытайға негізгі газ экспорттаушы ел Түркіменстан болады. Ал бұл жайт Ресейдің арқасына аязадай бататына айтпасақ та түсінікті.

Рекомендовать
Последние новости