Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда деректерінде тағы да айтарлықтай алшақтық анықталды. Қытай тарапы көрсеткен экспорт көлемі Қазақстанның ресми импорт статистикасынан миллиардтаған долларға жоғары, деп хабарлайды Dalanews.kz tradereport.kz сайтына сілтеме жасап.
Қытайдың Бас кеден басқармасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың Қазақстанға экспорты 29,69 млрд долларға жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,2 пайызға көп.
Ал Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті сол кезеңде Қытайдан әкелінген импорт көлемі небәрі 18,94 млрд доллар болғанын айтады. Дегенмен қазақстандық статистикада өсім айтарлықтай жоғары - 24,1 пайыз.
Осылайша екі елдің ресми деректері арасында 10,8 млрд доллар айырмашылық пайда болып отыр. Бұл айырмашылық Қытай ұсынған мәліметтердің пайдасына шешілген. Айта кетейік, 2024 жылы бұл алшақтық одан да жоғары болып, 12,7 млрд долларға жеткен.
Сарапшылардың айтуынша, екіжақты сауда көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанымен, статистикалық сәйкессіздік мәселесі, әсіресе Қазақстан импорты бойынша, әлі күнге дейін шешілмей отыр.
Мәселе тек есеп-қисаппен шектелмейді. Шекарадағы жағдай да ахуалды күрделендіре түсуде. «Нұр жолы» өткізу бекеті үнемі шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді.
Өткен жылдың соңында бұл бағытта жүк көліктерінің бірнеше шақырымға созылған кезегі пайда болған. Фуралар Атамекен мен Шолақай ауылдарынан бастап өткізу бекетіне дейін тізіліп тұрған. Жүргізушілер кабиналарында түнемекке мәжбүр болып, электронды кезек жүйесіне және жауапты қызметтердің түсінікті ақпарат бермеуіне шағымданған.
