ҚазҰУ-де жас кәсіпкерлер форумы өтті

Dalanews 30 нояб. 2021 15:16 1175

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жас кәсіпкерлер форумы өтті. Спикер ретінде Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов, Асылбек Қожахметов, Қайрат Мәжібаев, Гауһар Қаппарова, Нұржан Жаңабеков және басқа да көптеген танымал кәсіпкерлер сөз сөйледі.  ҚазҰУ мен TAN Media Group ұйымдастырған форум Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды.

Шараның басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтап, маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде университет басшысы жас буынды кәсіпкерлікке баулу, ел экономикасын дамыту үшін өзекті екенін жеткізді.

–Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кіріскен алғашқы жылдары «алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидасын ұстанды. Бұл өз кезегінде еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне, кәсіпкерлікті дамытуға, ел еңсесін көтеруге жол ашты. Қазақстан экономикасының тәуелсіздік жылдары бағындырған белес, алған асуында кәсіпкерліктің үлесі зор. Қазіргі таңда біздің елімізде жас бизнесмендерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, ҚазҰУ-да Экономика және бизнес жоғары мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын осы жерден 500 бакалавр, магистр және PhD докторлары оқуларын тамамдап шығады. Бүгінгі өтіп жатқан форумның жас мамандар үшін берері мол деп есептеймін, – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.

Форум аясында сөз сөйлеген кәсіпкерлердің көпшілігі Қазақ ұлттық университетінің түлектері. Солардың бірі – «Muzzone» музыкалық телеарнасының және «TAN Media Group» ЖШС басшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов. Ол университет қабырғасында оқып жүріп-ақ кәсіпкерлікпен айналысқанын айтады.

–ҚазҰУ – біздің альма матеріміз. Бүгінгі жиынға қатысушылардың көбі студент кезінде білім мен бизнесті қатар алып жүргендер. 90-жылдары өте қиын болды. Соған қарамастан, бизнеске деген қызығушылығымыздың арқасында осындай жетістікке жеттік. Ал қазіргі жастардың кәсіппен айналысуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек кітап оқып, ой өрістерін жетілдіруі қажет, – дейді университет түлегі.



Сондай-ақ форумда сөз сөйлеген қазақстандық бизнесмен және қоғам қайраткері, RG Brands және Resmi Group негізін қалаушы Қайрат Мәжібаев сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз кезегінде білімді кәсіпкер мол табысқа жететінін айтты. Сол себептен ол жастарды бизнес бастауда қорықпауға шақырды.

Спикерлер пайдалы ақпаратпен бөлісіп қана қоймай, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «TAN Media Group» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар форум аясында екі апта бұрын ұйымдастырылған «Media café» байқауының қорытындысы жарияланды. Сайыста үш адамнан құралған топ, яғни Нұрсұлтан Оңдасынов, Әсем Ерланова, Дінаман Серікқан өздерінің креативті жобаларын ұсынып, бір жыл кофехананы басқару грантын жеңіп алды. Форум ұйымдастырушылары университет аумағында кофехананың құрылуын толық қаржыландырады. Оған барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, оқыту кіреді.

Осылайша университет қабырғасында алғаш рет өткен форумға қатыса отырып, студенттер пайдалы ақпарат алды.


Рекомендовать
Последние новости