Қазақтілді орта қоғамдағы доминантты күшке айналуда — танымал блогер

Қаракөз Амантай 07 апр. 2025 11:56 795

Әлеуметтану мен демография ғылымдарында кеңінен қолданылатын “70–90% ережесі” дейтін ұғым бар. Қоғам белсендісі, блогер Руслан Менояқовтың айтуынша, оның негізгі қағидасы: егер қандай да бір этностың үлесі жалпы халық санының 70-тен 90 пайызға дейінгі аралығын құраса, ол қоғам моноэтникалық болып саналады.

Бұл меже жай ғана сандық басымдықты көрсетіп қоймай, әлеуметтік, мәдени және саяси үстемдікті де анықтайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басқаша айтқанда, негізгі этнос қоғамның басты институттарын қалыптастырып, бүкіл қоғамның өзіндік ерекшелігін (идентификациясын) айқындаушы күшке айналады.

Неге дәл 70–90 пайыз аралығы таңдалған?

Менояқовтың айтуынша, қандай да бір этностың үлесі 70 пайыздан асқан кезде ол демографиялық көпшілік қана емес, мәдениет, тіл, білім беру стандарттары, әлеуметтік нормалар мен мемлекеттік институттарды белгілейтін негізгі күшке айналады.

Бұл шек полиэтникалық қоғамнан моноэтникалық қоғамға өту нүктесін көрсетеді. Этнос үлесі 80 пайыздан асса, қоғам іс жүзінде моноэтникалық болып шығады, ал 90 пайыздан асқан жағдайда қоғам толықтай дерлік біртекті, гомогенді сипат алады.

Бұған нақты мысал ретінде Жапонияны (98% жапондар), Арменияны (98% армяндар) және Оңтүстік Кореяны (96% корейлер) келтіруге болады. Аталған елдерде мәдени идентификация, тіл, дәстүр және әлеуметтік нормалар бір ғана этносқа негізделген, сондықтан олар моноэтникалық қоғамдардың классикалық үлгісі саналады.

Автор осы тұста Қазақстанды ерекше мысал ретінде келтіреді.

“Қазақстан ресми деңгейде өзін 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін көпұлтты мемлекет ретінде көрсетеді. Алайда 70–90% ережесіне сүйенсек, қазірдің өзінде Қазақстан моноэтникалық елдер санатына өтіп үлгерді. Себебі бүгінгі таңда қазақтар ел халқының 70,7%-ын құрап отыр”, – дейді Руслан Менояқов.

Оның пікірінше, 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқының құрамы айтарлықтай өзгерген. Миллиондаған орыс, украин, неміс және басқа да өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына қоныс аударған.

Ал шетелде тұратын қазақтардың “Қандас” (бұрынғы “Оралман”) бағдарламасы арқылы тарихи отанына оралуы қазақтардың елдегі үлесін тұрақты түрде арттырып келеді.

Бүгінде қазақтар сан жағынан ғана емес, саяси, білім беру және мәдениет салаларында да басымдыққа ие, бұл моноэтникалық қоғамға тән белгілерге толық сәйкес келеді.

Менояқовтың болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай қазақтардың үлесі 77–78 пайызға дейін (шамамен 17,2 млн адамға), ал 2050 жылға қарай 85 пайызға (шамамен 22 млн адамға) жетуі мүмкін.

Ал орыстардың үлесі 7–8 пайызға (2 млн адамға), басқа этникалық азшылықтардың үлесі 5 пайызға (1,9 млн адамға) дейін төмендейді.

Бұл үрдіс тек қоныс аудару емес, оңтүстік өңірлердегі (Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстары) қазақ отбасыларының табиғи өсімінің жоғары болуымен де тығыз байланысты.

Сондай-ақ бұрын орыс тілді халық көбірек қоныстанған солтүстік өңірлерге жас қазақтардың көшіп баруы да этникалық тепе-теңдікті қазақтар пайдасына қарай жылдам өзгертіп жатыр.

“Қазақстан ресми деңгейде көпұлттылықты жиі алға тартса да, шын мәнінде моноэтникалық мемлекет мәртебесіне қарай бет алды”, – дейді Руслан Менояқов.

Бұл демографиялық өзгерістер әлеуметтік және саяси құрылымдарға да әсер етпей қоймайды. Мемлекеттің ұлттық сәйкестігі (идентичность) барған сайын қазақ мәдениеті, тілі мен дәстүрінің төңірегіне шоғырланып келеді.

Орыс тілінің қоғамдық өмірдегі маңызы, әсіресе жастар арасында, біртіндеп төмендеп барады. Мемлекеттік деңгейдегі білім беру, мәдениет және тіл саясаты да қазақтық сәйкестікті нығайтуға бағытталып, моноэтникалық үрдісті айқын көрсетіп отыр.

Оның пайымдауынша, Қазақстанда “қазақстандық” деген ұғым ресми түрде бар болғанымен, іс жүзінде мемлекеттің мәдени, ұлттық келбеті көбінесе қазақ этносымен байланыстырылады.

“70–90% ережесі жай ғана демографиялық көпшілікті көрсетіп қоймай, оның мәдени әрі саяси үстемдігін де анықтап береді. Қазақстанда дәл осы ереже бойынша моноэтникалық қоғамға беталыс айқын байқалады. Қазіргі үрдіс сақталса, 2050 жылға қарай этникалық қазақтар тек демографиялық басымдыққа ие болып қоймай, ұлттық сәйкестікті барлық деңгейде анықтайтын болады”, — деп түйіндеді Руслан Менояқов.


Рекомендовать
Последние новости