Ішкі істер министрлігі есірткі құралдарының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстарды анықтау және тоқтату бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Dalanews.kz Polisia.kz – ға сілтеме жасап.
Ерекше назар жасөспірімдер мен жастар арасындағы, соның ішінде кәмелетке толмағандардың есірткі ортасына тартылуына жол бермеу шараларына аударылып отыр. Шамамен 17 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізілді, жасөспірімдер мен жастарды қамту саны 2 миллион адамды құрады.
Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандардың есірткі құралдарын таратқаны үшін ұсталу фактілерінің өсу үрдісі сақталып отыр.
Мәселен, Абай облысында полиция қызметкерлері колледждің бірінші курсында оқитын кәмелетке толмаған қызды аса ірі көлемде психотроптық заттарды заңсыз сақтағаны үшін ұстады. Тінту барысында 16 гр синтетикалық есірткі тәркіленді.
Шығыс Қазақстан облысында есірткі сатқан тағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Ол Алматы қаласында тұрып, Өскеменге келіп, бір ай бойы тыйым салынған заттарды сатумен айналысатын интернет-дүкеннің курьері-қоймашысы болып жұмыс істеген. Ұстау барысында одан α-PVP тобына жататын 3 гр синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Бүгінгі таңда республика бойынша есірткінің заңсыз айналымына тартылған 60-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының қарым-қатынас ортасына мұқият назар аударуға, сондай-ақ жасөспірімдерге “жеңіл табыс” немесе “қашықтықтан жұмыс” ұсынуы мүмкін күмәнді әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді тексеруге шақырады.
ІІМ еске салады: есірткі және психотроптық заттарды сату үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік көзделген; алдағы уақытта кәмелетке толмағанның есірткінің заңсыз айналымына ата-анасының кінәсі немесе тиісті бақылаудың болмауынан тартылғаны анықталса, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарлануда», — делінген хабарламада.
