Киевте жүрген қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайыннан соғыс болып жатқан Украинадағы шынайы жағдай туралы сұрадық. Кейіпкеріміз «Қала мен Дала» газетінің оқырмандарына от пен оқтың ортасындағы халықтың әлеуметтік мәселесінен тартып, украин жұртының саяси ұстанымына дейін ашып айтып берді.
«Соғыс оларды қажытқан жоқ» Украинада жүрген қоғам белсендісінің көзімен
–Тұрарбек мырза, қып-қызыл қан майдан, аласапыран соғыс болып жатқан Украинаға қалай барып жүрсіз: кім рұқсат берді, қандай мақсатпен бардыңыз?
–Мен Украинаға ерікті (волонтёр) ретінде келдім. Елін қорғап, соғыстан зардап шегіп жатқан украин халқына қолдау көрсету негізгі мақсатым. Атап айтқанда, халықаралық «Обрій Майбутнього» қайырымдылық қорының өкілі әрі белгілі құқық қорғаушы Владимир Козлов ағамыздың ұсынысымен қазір Украинада волонтёр болып жүрмін.

–Украинада дәл қазіргі жағдай қалай? Соғыс таяу күндері аяқтауы мүмкін бе? Қанша айтқанмен, сіз сол жақта жүрсіз ғой, бізге қарағанда шынайы жағдайды ішінен көріп отырсыз?
–Менің ойымша, соғыстың жақын арада аяқталуы немесе келісім туралы айтылған сөздер – қан майданда жан аямай соғысып жатқан әскерилердің жауынгерлік рухына сызат түсіруі мүмкін.
Менің субъективті пікірім – Ресей империясы іштен ыдырап немесе Путин биліктен біржола кетпейінше, соғыс тоқтамайды. Бұл күрес тек Украинаның ғана емес, бүкіл Еуропа мен Орталық Азияның қауіпсіздігі үшін өте маңызды боп тұр. Сондықтан, бұл қырғиқабақ соғыстың алдағы уақытта қалай өрбитінін ешкім дөп басып айта алмайды.
–Соғысты тоқтатуға Зеленскийдің ықпалы бар ма, әлде мемлекет тағдыры әскерилердің қолында ма?
–Президент Зеленский қан майданда Ресей әскеріне қарсы соғысып жатқан армияның ерік-жігері мен жауынгерлік талабын бүкіл әлемге жеткізіп отырған тұлға. Ол халықаралық деңгейде Украинаның ұстанымын қорғап отыр.
Ал қазіргі жағдайда ел тағдыры көбіне майдандағы жағдайға, яғни әскерилердің ұстанымы мен табандылығына тікелей байланысты деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі таңда Украинада шешуші ықпал әскерилердің қолында деп кесіп айтуға болады.
–Зеленский соңғы мәлімдемесінде «Киев НАТО-дан бас тартуы мүмкін, бірақ талаптарымыз бар» деді. Ол үшін қандай талап қойып отыр?
–Менің ойымша, қазіргі жағдайда Украина НАТО-ға мұқтаж емес, керісінше НАТО-ның өзі Украинаның қарулы күштеріне мұқтаж дер едім. Себебі, Ресейге қарсы нақты әрі тиімді түрде тек Украина әскерилері ғана төтеп беріп отыр. Еуропа да, НАТО да бұл соғыста Украинаның тәжірибесі мен жауынгерлік қабілетіне сүйенуге мәжбүр. Сондықтан мәселе НАТО-дан бас тартуда емес, Украинаның қауіпсіздігіне нақты кепілдік беруде деп ойлаймын.
–Украинаның шынайы жағдайы қалай: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалар тұрақты жұмыс істеп тұр ма? Мемлекет халықты тұрақты айлықпен, басқа да әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етіп отыр ма?
–Мен өз көзіммен көргенімді айтсам, соғыс жүріп жатқанына қарамастан Украинада мемлекет негізгі салаларды толық бақылауда ұстап отыр. Киев қаласындағы оқу орындары, ауруханалар қалыпты режимде жұмыс істеуде. Денсаулық сақтау мен білім беру жүйесі тоқтаған жоқ, керісінше соғыс жағдайына бейімделіп, қызметін жалғастыруда.
Бұдан бөлек, мәдениет саласы да өмір сүруін тоқтатпаған: театрлар, мәдени орталықтар өз жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл украиндықтардың рухы сынбағанының айқын белгісі деп ойлаймын.
Әлеуметтік жағынан да мемлекет халықты қараусыз қалдырмай зейнеткерлерге пенсияны уақтылы төлеуде, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмектер берілуде. Қысқасы, Украина соғыс жағдайында да мемлекет ретінде өз міндетін толық атқарып отырғанын өз көзіммен көріп отырмын.
–Ірі қалаларда жылу, ауыз су, транспорт сияқты инфрақұрылым, яғни күнделікті қажетті әлеуметтік түйткілдер қалай шешімін тауып отыр екен?
–Ресей бейбіт халыққа баллистикалық зымырандар мен дрондар арқылы соққы беріп, инфрақұрылымды қиратқанына қарамастан, украин халқының рухы еш мұқалмағандай көрінді маған. Жылу жүйесін қиратқанымен, халықтың жылуы қашпаған. Жасыратыны жоқ, Украинада соғыс күнделікті өмірге тікелей әсер етіп отыр. Шығыс пен оңтүстік аймақтардағы ауылдарда тұрақты атқылау салдарынан үйлер қираған, кей елді мекендерде тұрғындар толық көшіп кеткен. Мектептер мен медициналық пункттердің бір бөлігі жұмыс істемейді, су мен электр жиі үзіледі. Қалаларда жағдай салыстырмалы түрде тұрақтырақ, бірақ қауіп сейілмеген. Әуе дабылы күнделікті, тұрақты құбылысқа айналыпты. Коменданттық уақыт түнгі сағат 12-ден таңғы 5-ке дейін.
Инфрақұрылымға жасалған соққылардан жарық пен жылу уақытша өшіп тұрады екен. Қоғамдық көлік пен дүкендер жұмыс істегенімен, тұрғындар жертөлелер мен паналау орындарын алдын ала біледі.
Мен өзім Киевтен 25 шақырым жердегі Буча қаласында тұрамын. Бұл қаланы 2022 жылы Ресей армиясы атқылап жермен жексен қылған, бірақ қазір жаңадан үйлер салынып, өмір жалғасып жатыр.
–Украина Қара теңіздегі Новороссийск портындағы КҚК құбырын теңіз дрондары арқылы атқылады. Ресейдегі осы порт арқылы Қазақстанның 80% мұнайы экспортқа шығарылатынын білесіздер. Бұл Киевтің Астанаға көрсеткен қыры емес пе?
–Бұл шабуыл Қазақстанға емес, Ресейге қарсы жасалған әскери қадам. КҚК құбыры Новороссийск портында орналасқандықтан, Ресей осы мұнай терминалы арқылы орасан зор пайда тауып, Украинаға қарсы соғысты қаржыландырып отыр.
Алайда Қазақстанның мұнай-газ экспортына қатысты Ресейге тәуелділігін мойындау керек, ондай саясатты кезінде Назарбаев жасап кеткенін атап өткен жөн. Өкінішке қарай, бұл тәуелділік қазіргі жағдайда Қазақстанды қомақты қаржыдан айырып отыр. Керісінше, бұл соғыс халықты бұрынғыдан да жігерлендіріп, біріктіруде.
Бүгін украин ұлты, өз жері мен еркіндігі үшін өліспей беріспейтін деңгейге жеткен, нағыз ұлт-азаттық рухы қалыптасқан халық дерсіз. Соғыс оларды қажытқан жоқ, қайта рухын оятып, бойын шыңдап, күрескерлікке одан сайын бекіткен.
