Цифрландырудың Қазақстан қоғамына етене сіңіп кеткені қазір ешкімге жаңалық емес. Бір кездері анықтама алу үшін таң атпай ХҚКО алдында кезекке тұрған халық бүгінде сол қызметті үйінде отырып-ақ телефон арқылы ала алады. Мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамының онлайн форматқа көшуі күнделікті тұрмыстың жеңілдегенінің айқын дәлелі.
Бұрын адамдар үшін уақыт – ең үлкен шығын еді. Сағаттап кезек күту, құжат жинау, қолхат толтыру. Ал қазір eGov.kz ұлттық порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы 1200-ден астам қызметке бірнеше минут ішінде қол жеткізуге болады.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 23 миллионнан астам қызмет көрсетіліп, оның 45 пайызы смартфон арқылы орындалған. Ел азаматтарының басым бөлігі үшін телефон әмбебап құралға айналды. Kaspi.kz арқылы коммуналдық төлем жасап, дүкенде есеп айырысып, енді мемлекеттік қызметті де ресми қосымшадан алуға мүмкіндік бар. Осылайша мемлекет халықтың тұрмыс салтына бейімделіп, цифрлық шешімдерді ең қарапайым жолмен жеткізуге тырысуда.
Цифрландыру тек қызметті жеңілдетумен шектелмейді, ол басқару жүйесінің өзіне де өзгеріс әкелді. Бұрын мемлекеттік аппарат бюрократиялық процедураларға сүйенсе, қазір деректерді өңдеу, интеграциялау, талдау арқылы жедел шешім қабылдау мәдениеті қалыптасып келеді. Бизнес ашу, салық төлеу, сотқа шағым түсіру сияқты күрделі процестердің өзі электронды форматта жүзеге асуда. Бұл бір жағынан ашықтықты арттырса, екінші жағынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
eGov Mobile қосымшасының биометрикалық сәйкестендіру, push-хабарламалар және superapp-тармен интеграциялануы – цифрлық экожүйенің жаңа дәуірге қадам басқанын білдіреді. Бұрын мемлекеттік пен жекеменшік сектордың арасы қатаң ажыратылатын болса, қазір олардың шекарасы жойылған.
2025 жылдың ортасында eGov порталының тіркелген қолданушылары 14,7 миллионнан асты. Бұл – ел халқының үштен екі бөлігінен көп. Соңғы бір жылда 215 мың жаңа қолданушы қосылғаны цифрлық қабылдаудың әлі де өсіп келе жатқанын көрсетеді. Егер бастапқыда eGov көбіне жастардың еншісінде болса, бүгінде зейнеткерлер де онлайн қызметті еркін пайдалана бастады. Бұл – цифрлық теңсіздіктің азайып келе жатқанын білдіреді.
Қазақстандағы цифрлық қызметтердің дамуы саяси мәдениеттің де айнасына айналып отыр. Мемлекет халыққа ыңғайлы болуға ұмтылып, азаматтар өз кезегінде жаңа технологияларға бейімделуде. Осы өзара сенім мен бейімделу үрдісі жалғаса берсе, жақын болашақта мемлекеттік қызметтердің толықтай электронды форматқа көшуі таңсық болмайды.