Қазақстандағы шағын мұнай өңдеу зауыттарына (ШМӨЗ) сұранысқа ие мұнай өнімдерін шығару міндеттеледі. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев депутаттардың сауалына жауап беру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі уақытта түзетулер дайындалуда: олар бойынша шағын зауыттар жалпы өндірістің кемінде 45%-ын сұранысқа ие мұнай өнімдерінен шығаруға тиіс болады. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында енгізілмек.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде мұнайды жылына 4,5 млн тоннаға дейін өңдей алатын 20-дан астам шағын зауыт бар. Алайда олардың өндіретін өнімдері – "жартылай дайын өнім", техникалық регламенттерге сәйкес келмейді. Нәтижесінде К-4 класты жанармай алуға болатын "майлы" фракция сыртқа экспортталады.
Жаңа талаптарды 2029 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.
Зауыттарға жабдықтарын жаңарту үшін келесі қолдау шаралары қарастырылуда:
- Жобаны қаржыландыру сомасының 30%-ына дейін қамтитын Кепілдік қоры құру;
- Қаржыландыру ставкасын 12% деңгейінде белгілеу.
 
                         
                     
                                     
                                    