Қазақстанда зейнетақы артық қаражатын пайдалану ережелері өзгертілді

Көркем Алдабергенова 29 янв. 2026 12:07

Отбасы банк зейнетақы жинақтарының артық бөлігін ипотеканы ішінара өтеуге пайдалану тәртібіндегі өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану қағидаларына түзетулер енгізілген. Өзгерістер зейнетақы артық қаражатын жұмсауға болатын мақсаттарға қатысты. Бұған дейін бұл қаражатты Отбасы банктегі қарызды ішінара немесе толық өтеуге қолдануға болатын. Аталған мүмкіндік қазақстандықтарға ипотека бойынша ай сайынғы төлемді жабуға көмектескен еді.

Алайда жаңа редакцияда ережелердегі «қарыздық берешек» ұғымы «негізгі қарыз» терминіне ауыстырылды.

Бұл дегеніміз, енді зейнетақы артық қаражаты есебінен несие бойынша ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды ғана жабуға болады. Бұрын «берешек» ұғымына кіретін ай сайынғы төлемді толығымен БЗТ арқылы өтеу мүмкіндігі енді қарастырылмайды.

Ипотекалық несие бойынша пайыздар мен ай сайынғы төлем құрамына кіретін өзге де қосымша шығындарды қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.

Осы өзгеріске байланысты Отбасы банктегі қарыздарды ішінара немесе толық өтеу тетігін техникалық тұрғыда қайта бейімдеу қажет болады. Бұл белгілі бір уақытты талап ететіні хабарланды.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove