Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ержан Жиенбаев вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды. Вице-президентті жалпы депутаттардың көпшілік дауысымен Президент тағайындайды.
Вице-президентті қызметінен Президент босатады. Вице-президент:
- Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
- Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.
- Сонымен қатар, вице-президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
- Вице-президенттің өзге де өкілеттерін Президент айқындайды.
"Вице-президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алып тасталады. Конституция деңгейінде вице-президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет. Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партияның дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді", - деді ол.
