Қазақстанда су тасқынын дәл болжау үшін жаңа технологиялар енгізілді

Сағыныш Сардарова 15 апр. 2025 12:53 565

Елімізде су тасқынын дәл болжау үшін жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында 2025 жылы су тасқыны болжамдарының дәлдігін арттыру үшін енгізілген цифрлық шешімдер туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда алғаш рет су тасқынына бейім учаскелердегі ықтимал жағдайларды модельдеудің инновациялық құралы «Tasqyn» жүйесі пайдаланылып жатыр.

Жүйе күн сайын «Қазсушар» РМК басқаруындағы 86 су қоймасының жұмыс режимі туралы деректермен жаңартылады. Сондай-ақ, су деңгейлері мен ағыны бойынша нақты және болжамды деректерді қамтитын 75 өзеннің цифрлық гидрографы әзірленді. Жүйеде «Қазгидромет» РМК және GloFAS (ГлоФас) халықаралық платформасының деректері пайдаланылады.

Бұдан бөлек, министрлік БҰҰ Даму Бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп, су қоймаларындағы судың келу көлемін болжауға арналған Talsim ақпараттық жүйесін енгізіп жатыр. Қазір Есіл және Нұра өзендерінің бассейндері модельденген. Еліміз бойынша барлық су ресурсын модельдеуді аяқтау жыл соңына дейін жоспарланып отыр. Жаңа жүйелердің тиімділігі іс жүзінде дәлелденген.

"Мысал ретінде Talsim жүйесі 11 сәуірге қарай Астана су қоймасына 91 текше метр/сек көлемінде су келуін болжады, нақты түсім 97,2 текше метр/сек болды. Ал өз кезегінде «Tasqyn» жүйесі Атбасар қаласы маңындағы Жабай өзенінде 7 сәуірге арналған су тасқынының шарықтау шегін 581 текше метр/сек деп болжады, нақты ағыс 567 текше метр/сек болды", - деп түйіндеді министр.

Рекомендовать
Последние новости