Қазақстанда қару-жарақ сату және сақтау, бопсалау, ұрланған автокөліктерді заңдастыру және өзге де қылмыстарға қатысы бар бірқатар қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операция барысында 20 адам ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«2026 жылғы 4 ақпанда ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен қару-жарақ сату және сақтау, бопсалау, ұрланған автокөліктерді заңдастыру және өзге де қылмыстарға қатысы бар бірқатар қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операция өткізді. 20 адам ұсталды, олардың 10-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Операциялар бір мезгілде Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе облысы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Абай облысы және Жетісу облысы аумақтарында өтті.
ҰҚК мәліметінше, тінту барысында күдіктілерден атыс қаруы, оқ-дәрілер, есірткі заттары, ірі көлемдегі ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдер тәркіленген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
