Қазақстан Сенаты азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа талапқа сәйкес, ойық ұңғылы қару иелері қаруын полицияға тапсырып, бақылау мақсатындағы арнайы ату рәсімінен өтуі керек.
Егер қару иесі бұл талаптан жалтарса немесе белгіленген мерзімді бұзса, Ішкі істер министрлігі қаруды сақтау және алып жүруге берілген рұқсатты кері қайтарып алатын болады.
Өзгерістер заңды тұлғаларға да қатысты. Қызметін уақытша тоқтатқан ұйымдар қолдарындағы қару-жарақты 10 күн ішінде Ішкі істер органдарына тапсыруға міндеттеледі.
Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және қару иелену талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
