Қазақстанда баламалы әскери қызмет жастар арасында қаншалықты танымал?

Dalanews 30 окт. 2023 02:10 1296

Бүгінде түрлі себеппен әскери борышын өтей алмаған жастарымыз көп. Олардың бәрінің денсаулығы әскердегі борышын өтеуге мүмкіндік бермейді деп айта алмас едік. Иә, арасында бала кезінде түнімен компюьтердің алдында отырған жастар көз жанарын зақымдағандар бар шығар. Олардың әскери медициналық сынақтан өте алмайтыны әуел бастан белгілі. Бірақ кейбір жастар өздерінің қатарластары секілді әскери борышын өтеп, жауынгерлік дайындығын шыңдағысы келеді. Бүгінде мемлекетіміз мұндай жастарға мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте ҚР Қорғаныс министрлігі жастарға Баламалы әскери қызмет жобасын ұсынған болатын.

 

Ауыл баласы Әскери билет алып, өмір жолын бастауға ұмтылады

Қазақстанда баламалы әскери қызмет жобасы 3 жылдан бері жүзеге асып келе жатқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Осы ретте Dalanews.kz ақпараттық агенттігі бұл жобаны өзінің мыңдаған оқырмандарына жан-жақты таныстыруды жөн санап отыр.

Баламалы әскери қызмет бар болған 40 күнге созылады. Осылайша жұмыссыз жүрген кейбір жастар аз ғана уақытта әскери машығын шыңдап, қазақ қоғамы үшін маңызды Әскери билетін алатын мүмкіндігі бар.

Жауынгерлік даярлықтан өтуге аңсары ауған жастар өзі тұратын немесе өзіне жақын қалада орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық оқу орындарының базасында Баламалы әскери дайындықтан өтуіне болады. Бірақ жауынгерлік дайындықтан өту тегін емес. Бұл үшін 300 мың теңгеге жуық ақшаңызды шығындауға тура келеді.


Бүгінде үлкен қалаларда тұратын жастар арасында әскери қызмет аса тартымды емес. Сондықтан олардың ата-аналар баласын әскерден алып қалудың амалын іздейді. Кейде мұның соңы сыбайлас жемқорлыққа да ұласып жататыны жасырын емес.

Ал баламалы әскери қызмет жемқорлықтың жолын кеседі. Балаңызды әскерге жібермей алып қалу үшін берген қаржыңызды Баламалы әскери қызмет жобасына жұмсап, аз ғана уақыттың ішінде балаңыздың заңды жолмен Әскери билет алуына мүмкіндік туғызған жөн.

Биыл Алматы қаласы мен Алматы облысында жастардың Баламалы әскери қызметтен өту ісі тегін түрде жүзеге асты. Осы ретте жастардың Баламалы әскери қызметтен өтуіне арналған бірнеше талаптар бар екенін айта кетуіміз керек.

 

Кімдер баламалы әскери қызметтен өте алады?

Басты талаптардың бірі Баламалы әскери қызметтен өтуіге ықылас танытқан жастардың жасы 24-27 жас арылығында болуы шарт. Бұдан басқа тұрақты тіркеуі мен Enbek.kz сайты арқылы өзінің уақытша жұмыссыз екенін айқындауы шарт.

Алматы қаласында пилоттық жобаны ұйымдастырушылар Баламалы әскери қызметтен өтуге Алматы облысы аумағында тұратын азаматтардан өтініш көп түскенін алға тартуда. Ал Алматының жастары бұл жобаға анау айтқандай қызығушылық танытпаған.

Есесіне қаланың айналасындағы елді-мекендерде тұратын жастар жобаға қатты қызығушылық танытыпты. Мұның өзіндік сыры да жоқ емес. Өйткені облыс аумағында тұратын жұмыссыз жастар Баламалы әскери қызметтен өтіп, қолдарына Әскери билетін алғаннан кейін еліміздің құқық қорғау, төтенше жағдай қызметінде және өзге де мемлекеттік органдарда жұмысқа тұруына жол ашылатынын жақсы біледі. Сондықтан олар Баламалы әскери қызмет жобасы өмірден өз жолын тауып кетуіне тамаша мүмкіндік екенін түсініп отыр. 


Алматы қаласында өткен таңдау барысында Баламалы әскери қызметтен өтуге өтініш берген 83 жастың арасынан әскерилер 30 адамды таңдап алған. Жастар арнайы комиссия мүшелері алдында сұхбаттасудан және спорттық нормативтер бойынша сынақ тапсырған.

Баламалы әскери қызметке әскери қызметке денсаулығы жарамды немесе ішінара жарамды 24 жастан 27 жасқа дейінгі, оның ішінде мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылған адамдар өте алады. Осылайша ерте бастан отбасын құрып, оқу оқып және өзге де себептерге байланысты әскери борышын өтей алмаған азаматтар 40 күннің ішінде әскери борышын өтеуіне болады.

Осы ретте бұл жобаға әскери міндетті азаматтар, әскери қызмет өтушілер, бұрын сотталғандар, ақтау бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылғандар және өздеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу іс жүріп жатқан азаматтар жобаға қатыса алмайтынын айта кетуіміз керек.

 

Көрші тәжірибесі қандай?

Жалпы мұндай әскери қызметке қатысты балама жол дамыған елдерде баяғыда қалыптасқан бар. Айталық, қолына қару алып әскерде қызмет етуден бас тартқандар азаматтар  хоспистердегі науқастарға күтім жасау, пошта жөнелту және қоғамға пайдалы басқа да жұмыстарды атқарып, Отан алдындағы борышын өтеп келеді.

Баламалы әскери қызмет іргедегі көршіміз Ресейдің Конституциясында да орын тапқан. Бірақ баламалы әскери қызмет Ресейде қалыпты әскери қызметтен екі есе ұзақ, 21 айға созылады. Көрші елде Баламалы әскери қызметті таңдаған жастар  жүргізуші, аспаз, шаштараз сынды қарапайым мамандықты бастап, күрделі – бұғышылар, инженер секілді қызметтерді меңгереді. Жұмыс үшін Баламалы әскери қызметтен өтеуші еңбекақы ала алады. Бірақ әскерилер оларға анау айтқандай жоғары жалақы төлемейді.

Міндеттеме алған азамат жұмыстан шыға алмайды, сол сияқты оны жұмыстан шығаруға ешкімнің құқығы жоқ. Жұмыстан жалтару әрекеті әскери тәртіппен жазаланады. Егер жұмыстан жалтарған сәтте борышкер ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін. Қазір Украиндағы соғысқа байланысты Ресейдегі Баламалы әскери қызметке көптеген өзгерістер енгізілген болуы мүмкін.


Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Қазақстандағы баламалы әскери қызмет көрші елге қарағанда әлдеқайда тиімді. Біздің жастарымыз баламалы әскери қызметтен өтуі үшін 12 ай бойы үй бетін көрмей, казармада түнемейді.

Бар болғаны 40 күн. Осы уақыт аралығын Баламалы әскери қызметтен өтушіге Қорғаныс министрлігі маусымға байланысты маусымдық әскери киіммен, үш уақыт тамақ және әскери казармамен толықтай қамтамасыз ететінін де айта кетуіміз керек.

 

Баламалы әскери қызметте адам құқығы басты орында

Халықаралық адам құқығын қорғау нормасы бойынша міндетті әскери қызмет берік орнаған елдердің бәрінде Баламалы азаматтық қызмет болуы шрат. Яғни, міндетті әскери қызметтен бас тартқан адамдардың Отан алдындағы борышын азаматтық қызметтерді атқарып, борышын өтеуіне мүмкіндік берілуі тиіс.

Сонымен қатар мұндай қызмет дамыған қоғамда өмір сүріп жатқан азаматтар үшін жаза ретінде қарастырылмайтынын айта кетуіміз керек.



Бүгінде халықаралық адам құқығын қорғаушылар әр елдегі баламалы әскери қызметті өту шарттарын қатаң қадағалайды. Егер шарттар адамды қанағаттандырмаса, олар мұндай қызметті «жазалау» деп бағалайды.

Осыған дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Ресейде баламалы әскери қызметтен өтушілерге төленген жалақының мөлшері елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз екенін алға тартып, өздерінің наразылықтарын білдірген еді. Бірақ бұған Ресей тарабы әдеттегідей мән берген жоқ.


Бұдан басқа Адам құқықтары жөніндегі комитет баламылы әскери қызмет міндетті әскери қызметтің мерзімінен аспауына да баса мән береді. Егер баламалы әскери қызметтің мерзімі міндетті әскери қызметтің мерзімінен асып кетсе, оны адамдарға бағытталған жаза ретінде де қарастырады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы баламалы әскери қызмет БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің талаптарымен толықтай сәйкесетінін байқауға болады.

 

Рекомендовать
Последние новости