Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы көпшілік күткендей нәтиже бермеді. Желтоқсанда кеңінен таныстырылып, іске қосылған жоба қазақстандықтар арасында сұранысқа ие бола алмады. Бұл туралы автосарапшылар "31 арнаға" берген пікірінде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мамандардың айтуынша, автолизингтің халық сұранысына ие болмауының басты себебі - оның қымбат екені. Бұл қызмет көпшілік үшін қолжетімсіз болып отыр. Бағдарлама іске қосылғалы бері небәрі бір ғана мәміле жасалған, ал банктердің басым бөлігі оны толыққанды енгізуге асықпаған.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, ұсынылып отырған лизинг шын мәнінде автонесиенің баламасы ғана. Ал мұндай өнімге қызығушылық тек ол дәстүрлі несиеге қарағанда тиімді болған жағдайда пайда болады.
"Көліктің иесі болмай, оны лизингке алудың не қажеті бар? Оның үстіне шарттары тиімсіз болса. Батыс елдерінде адам көлікті 2-3 жылға лизингке алады да, амортизация құнын ғана төлейді", - дейді Алексей Алексеев.
Әлемдік тәжірибеде автоконцерндер өздерінің лизинг компанияларын құрады. Ал Қазақстанда бұл іске банктердің араласуы қызмет құнын одан әрі өсіріп отыр.
"Банк араласқан сәттен бастап базалық мөлшерлеме, пайыздар, қызмет көрсету ақысы қосылады да, бұл мүлде тиімсіз схемаға айналады. Мұндай өнім ешкімге қажет емес, сондықтан оны ешкім пайдаланбайды", - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, мамандар бағдарламаның болашағына біржақты баға беруге әлі ерте екенін айтады. Өйткені автолизинг - нарық үшін жаңа өнім, ол заңнамалық тұрғыда әлі де пысықтауды қажет етеді.
Тағы бір сарапшы Арсен Шакуов баға саясаты нақты әрі түсінікті болуға тиіс деп есептейді.
"Бағасы, шарттары нақты бекітілуі керек. Тариф бірыңғай болса, әр банкте әртүрлі пайыз болмайды. Сонда адамдардың таңдауы айқын болады: көлікті қымбатырақ несиеге алу немесе арзанырақ лизингке рәсімдеу", - дейді ол.
