Қазақстанда АЭС салудан үмітті "Росатомның" топ-менеджерлері санкцияға ұшырады

Кәмшат Тілеухан 13 янв. 2025 10:52 623

"Росатомның" бас директоры Алексей Лихачев пен аталған ресейлік мемлекеттік корпорацияның бірқатар топ-менеджерлері АҚШ Қаржы министрлігі жариялаған Sdn-List-ке (бұғаттауға немесе шектеуге жататын айырықша көрсетілген тұлғалар тізімі) енді. Ал Ресейдің бұл компаниясы Қазақстан үкіметінің елімізде атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумының әлеуетті қатысушылар тізімінде барын баса атай кетелік, деп жазады Dalanews.kz.

Интерфакстың мәліметінше, бұл тізімде Алексей Лихачевтен бөлек оның бірінші орынбасарлары Кирилл Комаров пен Александр Локшин, сондай-ақ бас директордың үш орынбасары: машина жасау бойынша – Андрей Никипелов, экономика және қаржы бойынша - Илья Ребров, Севморпуть дирекциясының директоры Вячеслав Рукша да бар.

Бұрын "Росатоманың" әртүрлі құрылымдары батыс санкцияларына ұшыраған. Атап айтқанда, америкалық SDN list тізіміне Umatex, "Русатом Оверсиз", "Атомфлот", "Росатом цифрлық шешімдері", "Росатом Микроэлектроника"енгізілді. Ұлыбритания "Росатомның" Бас директоры Алексей Лихачевке, "Атомфлотқа" және "Рэнера" компанияларына қатысты санкциялар енгізді.

Ал 2028 жылдан бастап Ресей уранын АҚШ-қа импорттауға тыйым салынбақ. Бұған жауап ретінде қараша айында Ресей үкіметі байытылған уранның АҚШ-қа экспортын уақытша шектеді.

Ал бұл жағымсыз хабар "Росатомның" жоспарларына кері әсер ете алады ма? Компанияның өзі бұл ретте былай дейді:

"Ресейдің мемлекеттік корпорациясы - "Росатом" басшылығына қатысты енгізілген санкциялар "негізсіз" және "заңсыз". Бүгінгі таңда "Росатом" халықаралық нарықтағы атом энергетикалық технологиялары экспортының әлемдік көшбасшысы ретінде танылады, сондықтан санкциялар достас емес мемлекеттер тарапынан жосықсыз бәсекелестіктің элементі ретінде қабылданады. "Росатом" компаниясының "күшейтілген санкциялық қысым" режимінде өмір сүріп жатқанына үш жылдың жүзі болды. Сондықтан біз оған бейімделіп, кез-келген дамуға дайынбыз. "Росатом" "серіктестер алдында алған міндеттемелерін толық көлемде орындауды жалғастыратын болады".

Айта кетсек, 2024 жылы 17 желтоқсанда "Росатомның" "Қазатомөнеркәсіппен" бірлескен кәсіпорындардағы кейбір үлестерін сатып жатқаны мәлім болды. "Росатом" мемлекеттік корпорациясының компаниялар тобына кіретін "Ураниум Уан Груп" АҚ "Заречное" БК" АҚ-тағы өзіне тиесілі 49,979%, "Хорасан-U-дағы" 30% және "Қызыл құмдағы" 30% үлесін қытайлық компанияларға сатты. Бүгіндері шетелдік сарапшылар бұған "Қазатомөнекәсіптің" Батыс санкцияларына ұшырау ықтималдылығынан қорқып, "Росатомға" өтініш жасауы түрткі болуы мүмкін деген болжамды айтады.


Рекомендовать
Последние новости