Қазақстан қысқы Азия ойындарын өткізуге дайын ба? Сарапшылар пікір білдірді

Қаракөз Амантай 04 февр. 2026 11:23

Қазақстан Қысқы Азия ойындарын өз тарихында екінші мәрте ұйымдастырмақ. 2029 жылы дүбірлі дода Алматыда өтеді. Бұл туралы Азияның Олимпиадалық кеңесі ресми мәлімдеді. Қабылдаушы қала жөніндегі келісімшартқа 5 ақпанда Италияның Милан қаласында қол қойылмақ.

Аталған шешім қоғамда бірқатар сауал туындатты. Қазақстан бұл доданы өткізуге қаншалықты дайын? Оның ел экономикасы мен спорт саласына берер нақты пайдасы қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Dalanews.kz редакциясы спорт сарапшысы Рауан Оқас пен экономист, R-Finance сарапшысы Арман Байғановтың пікіріне жүгінді.

Қабылдаушы ел неге ауысты?

Бастапқыда Қысқы Азия ойындары Сауд Арабиясында өтуі тиіс болған. Бұл ел 2022 жылы жарысты қабылдау құқығын иеленген. Алайда биыл қаңтар айында Сауд Арабиясының Олимпиадалық комитеті жарысты өткізуден бас тартты. Осыдан кейін ұйымдастырушы елді ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Xinhua агенттігінің мәліметінше, жаңа қабылдаушы қала ретінде Алматы таңдалған. Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де Қысқы Азия ойындарын қабылдаған.

Спорт сарапшысы не дейді?

Спорт сарапшысы Рауан Оқастың айтуынша, Қазақстан Қысқы Азия ойындарын өткізуге инфрақұрылым тұрғысынан дайын.

“Біз 2011 жылы Азия ойындарын, 2017 жылы Қысқы Универсиаданы да өткіздік. Сондықтан тәжірибеміз де, негізгі спорт нысандарымыз да бар. Еліміздегі спорттық инфрақұрылымның басым бөлігі халықаралық талаптарға сай. Біз озық үлгідегі кешендерді салып, оған қыруар қаржы жұмсадық. Сондықтан бұл жолы Азия ойындарын өткізуге аса көп қаражат қажет бола қоймайды”, - дейді ол.

Оның сөзінше, Қысқы Азия ойындары Олимпиада деңгейіндегі жарысқа жатпайды, сондықтан Қазақстанның бұл доданы өткізуге әлеуеті жеткілікті.

“Алайда “бұл жарыс бізге керек пе?” деген сұрақ туындайды. Ол біздің абыройымызды қаншалықты арттырады, елге қаншалықты пайдасы бар? Осы мәселелерге нақты жауап беру қажет”, - дейді Рауан Оқас.

Сарапшының пікірінше, халықаралық дода спорттың дамуына белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін, алайда оны аса қажет жоба деп бағалау қиын.

“Бұған дейін Қысқы Азия ойындары мен Қысқы Универсиаданы өткіздік. Бірақ спорттағы жағдайымыз түбегейлі жақсарды деп айта алмаймыз. Олимпиада ойындарынан да тұрақты түрде жүлде алып жүрген жоқпыз. Бір жарысты бір рет өткізуге болады, ал оны қайта өткізудің қандай пайдасы бар? Шыны керек, мұндай шешімге не себеп болғанын түсіне алмадым. Қорыта айтқанда, Қысқы Азия ойындары бізге аса қажет дүние емес деп ойлаймын”, - деп қорытындылады ол.

Экономист пікірі

Сарапшы Арман Байғановтың пікірінше, Қысқы Азия ойындарын өткізу белгілі бір деңгейде қаржылай шығынды қажет етеді. Алайда елімізде бұрын салынған спорттық инфрақұрылымның бар екенін ескерсек, кей нысандарды қайта пайдалануға мүмкіндік бар. Осы тұрғыда жарысты өткізу шығыны азаюы мүмкін.

“Бұған дейін бой көтерген нысандарды тиімді пайдаланып, аз ғана толықтырулармен шектелсек, жарысты өткізуге болады. Егер барлығын қайтадан нөлден бастап салу қажет болса, бұл бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп, өзін-өзі ақтамауы мүмкін”, - дейді экономист.

Айтуынша, мұндай ірі спорттық іс-шаралардың экономикалық емес, көбіне имидждік мәні жоғары. Көптеген ел қысқы халықаралық жарыстарды өткізуге ұмтылады. Себебі бұл туристер ағынын арттырып, елдің халықаралық деңгейдегі беделін күшейтеді. Осы тұста сарапшы Алматы қаласы мен оған іргелес таулы өңірлердің туристік әлеуетін де атап өтті.

“Жалпы, кез келген халықаралық спорттық жарыс халықтарды жақындастырып, елдің танымалдығын арттырады. Алматы - туристік әлеуеті жоғары қала. Бұл қонақүй бизнесіне, қызмет көрсету саласына және шағын кәсіпкерлікке серпін беруі мүмкін. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұндай жарыстар әрдайым өзін толық ақтай бермейді”, - дейді Арман Байғанов.

Сарапшы экономикалық тұрғыдан әлдеқайда қуатты мемлекеттердің өзі кейде осындай ірі жарыстарды өткізуден бас тартып жататынын еске салды. Себебі бұл бюджетке айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін.

“Егер жұмсалған қаражаттың кем дегенде бір бөлігі салық түсімдері немесе ұзақ мерзімді экономикалық пайда арқылы қайтарылса, онда мұндай жобаны жүзеге асыруға болады. Ең бастысы — жан-жақты талдау жасау. Яғни, қанша қаржы жұмсалатынын және сол шығынның қаншасы кейін салық түсімдері, туризм мен қызмет көрсету саласының дамуы арқылы бюджетке қайтып келетіні есептелуі тиіс. Сондай-ақ салынған инфрақұрылым жарыстан кейін қалай пайдаланылатыны да маңызды”, - дейді ол.

Арман Байғанов Қысқы Азия ойындарының спорттық тұрғыда оң әсері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның айтуынша, мұндай жарыстар қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін беріп, салынған инфрақұрылым отандық спортшыларды даярлауға ұзақ уақыт бойы қызмет ете алады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove