Қазақстан ірі-қара мал терісін Қытайға экспорттайтын болды

Кәмшат Тілеухан 04 нояб. 2024 16:33 2561

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Шанхайға сапары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан ҚХР-ға экспортталатын ірі қара малдың терісіне инспекциялық, карантиндік және ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл хаттамаға қол жеткізу үшін қос тарап, әсіресе Қазақстан үш жыл тер төкккен.

"Бұл ұдайы жүргізілген екіжақты келіссөздердің нәтижесі, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды", - дейді Ауылшаруашылығы министрлігі.

Құжат елдің экспорттық әлеуетін, отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.

"Ірі қара терісі Қытайға экспорты осындай келісімдермен реттелетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11-ші түріне айналады. Бұған дейін мұздатылған сиыр еті, қой еті, шошқа еті, бал, балық, сүт өнімдері, жүн шикізаты, асыл тұқымды және сойылатын жылқылар, сондай-ақ сойылған ірі қара малды экспорттауға хаттамаларға қол қойылған болатын. Жалпы, ҚР АШМ отандық агробизнес үшін экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл ретте қазақстандық өнімге жоғары сұраныс байқалатын Қытай нарығына ерекше назар аударылады", делінген 2024 жылы 4 қарашадағы ҚР АШМ хабарламасында.

2024 жылдың шілде айында союға тірі ірі қара малды экспорттауға қатысты осындай хаттамаға қол қойылды.

Құс шаруашылығы өнімдерінің, қосалқы өнімдердің, құрғақ бие сүтінің және басқа да тауарлардың экспортын кеңейту жоспарлануда.

Айта кетсек, ата кәсібі мал шаруашылығы болып табылатын қазақтар бүгіндері тері мен жүнді кәдеге жарата алмай, қоқысқа лақтырып, тіпті тонналап өртеуге мәжбүр. Себебі шалғай аймақтар түгілі респбуликалық деңгейде тері өңдейтін ірі бір де бір кәсіпорын жоқ. Ал аталған шикізатты өткізетін нарықтар - Ресей мен Қытай соңғы жылдары тері қабылдауды доғарған.


Рекомендовать
Последние новости