Әлеуметтік желі қолданушыларын тағы бір ерекше видео сүйсінтті. Кадрда қазақ тілін еркін меңгерген, тіпті тұрмыстық деңгейде, ойын арасында қазақ тілінде сөйлескен орыс балалары көрінеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Дегенмен қай өңірде түсірілгені нақты көрсетілмеген. Кейбіреулер видеодағы диалектілерге қарап, батыс өңірінде түсірілген болуы мүмкін екенін айтты.
Кадрларда ата-анасы да балалармен қазақ тілінде сөйлескені байқалады. Желі қолданушылары қазақ тілінде еркін сөйлеген балалардың видеосына бей-жай қарамай, түрлі пікір жазған:
"Біздің өзге тілде сайрап, өз тілінде тілін шайнайтындарға күніге көрсететін екен...", "Қазақ сыныбына берген орыс балалары ғой", "Сары шашты алтын қыздарымыз. Жай ғана қазақша сөйлеп қана қоймай, дауыс ырғағымен, керек сөздерді дұрыс қолданып, әңгіменің дәмін кіргізіп айтады екен!", "Ата-анасының ақылы бар екен, демек балалары үшін болашақтарын ойлаған", "Келешекте нағыз қазақтар осылар болады. Егер бұл сары балақайлар үлкейгенде қазақша сөйлеп тұрса, өз тілін білмейтін мәңгүрт қазақтар бәлкім беттері қызаратын болар, кім біледі, олардың беттері қалыңдап кетсе ұялмайтын да шығар", - деді олар.
Кей сарапшылар бұл құбылысты елдегі тіл саясатының біртіндеп нәтиже бере бастағанының белгісі деп те бағалайды.
Мектептерде қазақ тіліне басымдық берілуі, қазақ тілді контенттің артуы, сондай-ақ, жастардың күнделікті ортада қазақша сөйлейтін достары көбеюі – осының бәрі әсер етпей қоймайды.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде мұндай видеолар мен жазбалар кең таралып, оң пікірлер жинап жатады.