Қазақ пен қырғыз ұлтын қорлады: кәсіпқой боксшы Биволдың бұрынғы әйелі жауапқа тартыла ма?

Қаракөз Амантай 22 окт. 2025 13:39

Әлемге әйгілі боксшы Дмитрий Биволдың экс-жұбайы Екатерина Бивол әлеуметтік желіде түрлі ұлт өкілдерін қорлайтын бейнежазба жариялап, көптің сынына ұшырады. Қырғызстан Ішкі істер министрлігі бұл оқиғаға дереу назар аударып, тергеуге дейінгі тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Екатерина Бивол Instagram парақшасына түрлі ұлт өкілдерін, соның ішінде қырғыз халқын балағаттап бірнеше видео жүктеген. Қазір оның парақшасы жабық тұр. Алайда даулы видеосы желіде тарап үлгерді. 

Желі қолданушылары Биволдың әрекетіне құқықтық баға беріп, жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

Қырғызстан Ішкі істер министрлігі аталған оқиғаға дереу назар аударып, ресми мәлімдеме жасады.

"Интернет кеңістігінде тараған, түрлі ұлт өкілдерін қорлайтын бейнероликке қатысты тексеріс басталды. Мұндай әрекеттер ұлтаралық сыйластық пен төзімділік қағидаттарына қайшы келеді. Әр адам, қай жерде жүрсе де, мораль мен заң нормаларын сақтауға, өшпенділік пен араздық тудырмауға міндетті", – деп хабарлады ведомство.

Алайда Қазақстан билігі  бұл мәселеге байланысты әзірге ешқандай пікір білдірмеді.

Айта кетейік, Екатерина Бивол бұған дейін де қоғамда дау туғызған. Бұрынғы күйеуі мен оның анасын қорлағаны үшін Ресей прокуратурасы оған қатысты әкімшілік іс қозғап, ескерту жасаған. Ал 2023 жылы ерлі-зайыптының ажырасқаны белгілі болды. 


Рекомендовать
Последние новости