«Қазақ болудан» неге қашады?

Dalanews 14 авг. 2018 15:59 1118

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Шыңғысхан» журналынан орта жүз бен кіші жүздің сексен жастағы ақсақалдары ата баласы болғандықтан, сегіз жастағы Ұлы жүздің ұрпақтарынан төмен отырып, алақан жайып, бата сұрауының оғаштығы жоқ деген дүниені оқыған едім.

Сонымен қатар, қазір жас балалар мен әйелдердің бата беруі көбейіп кетті. Қойгел бидің осы мәселеге қатысты айтқан мынадай сөзі бар: «Азған елдің баласы атасына бата береді, есі кеткен көнтек шал, қолын жайып жата береді». Ал әйелдерге қатысты «Жетпіс әйел лебізі, бата орнына жүре алмас, жетпіс күшік жиналып, қой шетіне үре алмас» деген ғой бабамыз.

Менің ойымша ұлттың ұлылығы олардың санымен өлшенбейді. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов
«Кез келген ұлттың ұлы, кішісі болмайды, ұлылық жекелеген тұлғаларға ғана тән»

дегенді өте орынды айтқан еді. Бүгінде осы пікірді басшылыққа алып жүрген кім бар?

Қазір үлкен қалаларды айтпаған күнде, алыс аудандарда өтетін басқосуларда жалғыз орыс күзетші босағада отырса, жүздеген қазақ жиналысты орысша жүргізетіні белгілі.
Бұдан кейін біз ұлы халықпыз, тектіміз деп қалай әңгіме айтуға болады?

Бүгінде орысша шүлдірлеуіміз аздай, Жеңіс күні қарсаңында «Георгий лентасын» тағып алып талтаңдап жүретін қазақтар өздерін «ұлы халықтың ұрпағымыз» деп аузы қисаймай қалай әңгіме айтатынын ақылға сыйдыра алмай-ақ қойдым.

Рас, кезінде бабаларымыз текті, ұлы болған шығар? Ал қазір олардың ұрпақтары өз тілінен жеріп, өзге тілде сөйлегенде абырой санайды.

Кеңес заманында кейбіреулер «қазақпын» деуді ар санап, «орыспын» деуші еді.
Ал қазір ел арасында «Шыңғысхан әулетіненмін», «Төремін» деп айтқанды мәртебе санайтын «мода қуғыш» қазақтар пайда болыпты.

Соңғы уақыттары «Мәңгі ел» деген ұғым ой-санамызға дендеп енгені белгілі.  Асыра сілтейтін кейбір оқымыстыларымыз «Мәңгі елді» «Монғол» тіркесімен байланыстырып, «біздің түпкі тегіміз «қазақ» емес, «мәңгі ел» аталады» деп бүйректен-сирақ шығарып жүргенін де естідік.

Кезінде үш орданың басы бірігіп, (яғни «Қазақ орда», «Моғол орда» және «Ноғай ордасы») бұл күнде «Қазақстан» атты бір мемлекет болып отырғанымыз кімдерге жақпай жүр екен?..

Менің ойымша «Шыңғысхан» журналының түпкі ойының өзегінде де бір қитұрқы жатқан сияқты. Үш жүздің рулық құрамына кірмейтін, бірақ Қазақ баласы төбесіне көтеретін үш ру бар. Олар – Төре, Қожа және Төлеңгіт.

Қожалар Арабтар жағына жатқызылса, «Төрелер» Монғолдар жағына жатқызылады. Қазақ әйелдерінен туған Монғолдарды «Төре» деп атаған. Ал Бұл жайында І.Есенберлин жақсы жазған.

Егер осы берекетсіздік жалғаса берсе, босағада отырған «күзетші» төрені байқап қалсақ, монғолша сайрай жөнелетін күніміз де алыс емес шығар?!

 

Шеге ЕЛУБАЕВ, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы»

Алматы облысы

Рекомендовать
Последние новости