Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты

Dalanews 26 окт. 2023 16:31 1142

Бүгін Мемлекет басшысы Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, аймақ экономикасының барлық негізгі саласының дамуында оң үрдіс сақталып отырғанын айтты.

Облыстағы өндіріс көлемі 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,7 пайызға ұлғайған. Ал сауда мен құрылыс салаларының даму көрсеткіштері 1,6 есе өсті. 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға көп.


Сонымен қатар Бейбіт Исабаев облыс экономикасына 213,9 миллиард теңге инвестиция тартылған, соның ішінде жеке инвестициялар 15,7 пайызға көбейгенін жеткізді. Облыстың өнеркәсіп өндірісінде 533 кәсіпорын жұмыс істесе, мұнда 26,6 мың адам тұрақты түрде жұмыс істейді.

Биыл Жетісу облысында жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын 14 нысанды іске қосу жоспарланған.

Облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайызға өскен. Оның ішінде егін алқабы 1,9 мың гектарға ұлғайған, ал қант қызылшасын өсіретін жер көлемі 2 есе артып, 8,7 мың гектарға жеткенін әкім алға тартты.

Жетісу облысы әкімі Президентке Ақсу қант зауытына толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылғаны туралы айтты. Көксу қант зауыты 70 мың тонна қант өндірген. Бүгінде екі қант зауыты 280 шаруашылықтан 205 мың тоннадан астам шикізат қабылдаған. Оның 56 мың тоннасы өңделіп, 7 мың тонна қант алынған. Кездесуде облыс басшысы аймақтағы су жүйесін қайта жаңарту және салу үшін 22 жобаның іске асырылып жатқаны туралы баяндалды. Ал 22 елді мекен, соның ішінде Талдықорған қаласына газ құбыры тартылып, 288 мың адам көгілдір отынмен қамтылған. Биыл 20 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысында 2023-2025 жылдары 8,8 мың орындық 16 жаңа мектеп салу жоспарланған, соның ішінде 6600 орындық 7 оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады және 1800 орындық 2 мектептің құрылысы биыл басталған. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша 8 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджет есебінен 21 блокты-модульді кешен салынған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін тағы 59 нысан салу жоспарланған.

Мәдениет саласында 5 нысанның құрылысы жүргізіліп, тағы 8 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл облыста 14 спорт нысаны салынып жатқаны жөнінде айтты. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен 3 блокты-модульды кешен салынады. Ал демеушілер есебінен Талдықорған қаласында жыл бойы жұмыс істейтін «Jetysu Аrena» жабық спорт кешені іске қосылған. Бұл кешенге 867 миллион теңге инвестиция салынған.


Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3 988 шақырым. Биыл облыстық маңызы бар 221 шақырым жол мен 73 елді мекендегі 249 шақырым ауылішілік жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

 

Рекомендовать
Последние новости