Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимова бостандыққа шығып, отбасына оралды

Көркем Алдабергенова 26 дек. 2024 12:38 511

Атышулы Талғар ісі бойынша 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимова бостандыққа шығып, отбасына оралды, деп хабарлайды Dalanews.kz Alash.KZ-ке сілтеп. 

Бұл туралы блогер Жан Ахмадиев өзінің желідегі парақшасында жариялады.

"Бақыт отбасына өзінің туған күнінде оралды" деп жазды блогер.

Блогермен бірге Бақыттың қуанышына заңгер Мейірман Шекеев те барған. Реимованың Қазақстанда қалу-қалмауы туралы заңгер алдағы күндері айтатынын, дегенмен елде қалдыру үшін жұмыс істеп жатқандарын айтқан.

Еске салайық, бұған дейін Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимоваға да «митингке үндегені үшін» деген айып тағылып, 15 тәулікке қамауға алынған болатын. Сонымен қатар Реимованы сот Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған. Бірақ адвокаты мұнымен келіспейтінін айтты. 

Блогер Жан Ахмадиев адвокат Мейірман Шекеевтің пікірін сұраған екен. Ол қазір осы іспен айналысып жатыр.

– Бақыт қазір Ұзынағаштағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Біз сол жерге барып қайттық. Апеляциялық шағымды дайындап қойдық. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бабының 8-бөлігі бойынша айып тағылған. Яғни шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар жасаған әрекет бойынша қамауда отыр. Қазақстаннан депортациялау жөнінде жаза кесілген. Біз мұнымен келіспейміз. Қаулыда бірнеше заңбұзушылық бар. Бақытқа заңсыз демонстрация, пикетке үндеді деген айып тағылған. Бірақ заңдағы анықтамаға сәйкес мұндай заңсыз жиынға шақырудың ұйымдастырушысы болады. Реимованың ондай кінәсі дәлелденбеген. Сосын баласының құжатын сұратқан. Баласы Қазақстанда дүниеге келген. Бала мен ананы ажыратуға болмайды. Қазақстан ана мен баланы ажыратпауға міндетті. Сот осы халықаралық шартты өрескел бұзған. Бақыттың этникалық қазақ екені ескерілмеген. «Қандас» деген құжаты бар. Оларды депортациялауға болмайды. Өйткені баратын жері жоқ. Отаны – Қазақстан. Біз кінәсіздігін дәлелдеп, Қазақстанда қалдыруға тырысып жатырмыз, – дейді Мейірман Шекеев.

Еске салайық,Шерзат Болаттың бірнеше туысы қамауға алынған болатын. 

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат Салтанат Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ Бақыт Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

10 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың отбасы Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етті. Аталған оқиғадан кейін Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. 

Ресми дерекке сүйенсек, сағат 15:30 шамасында Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған. Айтуларынша, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", - делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости