Қарашығанақ ісіндегі жеңіс: сарапшылар Избастиннің еңбегіне баға берді

Қаракөз Амантай 05 февр. 2026 17:30

Қазақстан Қарашығанақ жобасы бойынша халықаралық арбитражда маңызды жеңіске қол жеткізді. Лондондағы арбитраж шетелдік акционерлермен дауда Қазақстан Үкіметінің ұстанымын қолдап, консорциумды елге 2–4 млрд доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Сарапшылар бұл нәтижені мемлекет мүддесін жүйелі түрде қорғаған Үкімет жұмысының және Президент тапсырмасын тиімді жүзеге асырған Бекет Избастин бастаған PSA командасының елеулі еңбегі екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Даудың мәні неде?

Дау Қарашығанақ жобасында көрсетілген шығындарға байланысты туындады. Қазақстан тарапы шетелдік операторлар бекітілмеген және артық көрсетілген шығындарды мемлекет есебінен өтетуге тырысқанын алға тартып, істі халықаралық арбитражға жеткізді. Нәтижесінде сот Қазақстанның уәжін қолдап, консорциумды өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сарапшылар не дейді?

Тарихи шешімге қатысты журналист Нұргелді Әбдіғани мен саясаттанушы Қазбек Майгелдинов өз пікірлерін білдірді.

Журналист Нұргелді Әбдіғанидің пікірі

Журналист Нұргелді Әбдіғани Қазақстанның экономикалық тірегі мұнай екенін, ал мұнай десе Қарашығанақтың қатар аталуы заңды құбылыс екенін айтады. Оның пікірінше, Қазақстан бүгінгі күнде мұнайды сыртқа сатып, елдің негізгі қажеттіліктерін өтеп отырған мемлекет.

“Қазақстан десе – мұнай, мұнай десе – Қарашығанақ ойға оралатыны өтірік емес. Абырой болғанда Құдай қазаққа мұнайды беріпті. Әйтпегенде қайтпек екенбіз... Қазір сол мұнайды шетелге саудалап күнімізді көріп отырған елміз ғой. Ұлттық қорды да сол мұнайдың ақшасымен толтырамыз. Бюджеттің де жыртығын сол мұнайдың ақшасымен жамаймыз. Күн демей, түн демей қара жерден сорып жатқан сол мұнайдың 80%-ға жуығы экспортқа кетеді екен. Бюджеттің 50%-ын мұнай саудасынан түскен қаражат құрайды-мыс”, — дейді ол.

Журналист Қарашығанақ жобасына қатысты exclusive.kz сайтында жарияланған "Бекет Избастин Қарашығанақ акционерлерін қалай әшкереледі" атты сараптамалық материалымен танысып, соған байланысты өз ойын бөлісуді жөн көргенін жеткізді.

“Кеңестік дәуір өзінің экономкалық жүйесін құрып, қазақ елі олар сызып-жазып берген жолмен жүріп тұрды. КСРО келмеске кеткен соң, жаңа экономикалық байланыстар орнату жас Қазақстанға оңайға түспегені белгілі. Бірақ біз қиындықты мұнай-газ, қазба байлықтарын өндіру саласына инвесторлар тарту арқылы жеңе білдік. Бірақ келісімшарт кезінде тәуелсіздігін енді алған ел шетел каптиалы алдында есе жіберіп алғандығын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, осы саланың жаңа қожайындары жерімізге эколгиялық зиян келтіре бастады”,  - деді ол.

Нұргелді Әбдіғани дәл осындай күрделі жағдайда 1990-жылдары стратегиялық кен орындарына қатысты жасалған Өнімді бөлу келісімдерінің (ӨБК) мазмұны көбіне мемлекеттің емес, инвесторлардың мүддесіне көбірек қызмет еткенін атап өтті.

“Сол себепті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы: “Өнімді бөлу туралы бұрынғы келісімдер 30 жыл бұрын мүлдем басқа жағдайларда жасалған және ұзарту кезінде оларға өзгерістер енгізу қажет” деп мәлімдеп, Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырды”, - дейді ол.

Журналист осы тапсырмадан кейін жағдай қозғалып, нәтижесінде Қарашығанақ жобасының акционерлері арбитраждық дауда жеңіліп, Қазақстан Үкіметіне өтемақы төлеуге міндеттелгенін айтады.

“Сот серіктестердің нақты қандай соманы төлеуі тиіс екенін әлі анықтаған жоқ, алайда тәуелсіз заң сарапшыларының бағалауынша, өтемақы мөлшері 2–4 миллиард АҚШ доллары аралығында болуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды”, - деп қосты ол.

Нұргелді Әбдіғани бұл нәтижені ең алдымен Қазақстанның жеңісі деп санайды.

“Онан соң нағыз істің адамы һәм патриот азамат Бекет Избастин бастаған “PSA” командасының тынымсыз күресінің жеңісі”, - дейді ол.

Журналист арбитраж шешімі Қазақстан Үкіметінің ұстанымын қуаттағанын, яғни компаниялар Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу келісімі аясында өтелуге жатпайтын, бекітілмеген артық шығындарды және өзге де шығыстарды мемлекетке өтеткісі келгенін көрсеткенін айтады.

“Мұнай шындығында қазақтың күре тамыры. Алаш баласына тиімсіз мұнай келісімдеріне көз жұма қарамаған үкімет өз несібесі өзіне толық тимей отырған қазақ байлығын ел игілігіне жарату үшін нық қадам жасай алды. Бұл қадамын сөзбен емес, іспен танытып, жұртты бір қуантып тастады десек те болады”, — деп қорытындылады ол.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтың пікірі

Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов те Қарашығанақ консорциумымен дауда Лондондағы халықаралық арбитраждың Қазақстан Үкіметінің жағына шешім шығарғанын ел мүддесін қорғаудағы тарихи жеңіс деп бағалады.

“Бұл тек заң саласындағы жеңіс қана емес, бұл отыз жылдан астам ұлттық байлығымызды тонаған шетелдік алпауыттарға қарсы тұғырлы күрестің нәтижесі”, - деді ол.

Майгелдинов 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнімді бөлу туралы бұрынғы келісімдердің 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалғанын айтып, оларды ұзарту кезінде өзгерістер енгізу қажет екенін нақты тапсырма ретінде қойғанын еске салды.

“Бұл тапсырма кездейсоқ берілген жоқ – елдің ұлттық мүддесін қорғау, шетелдік корпорациялардың біздің байлығымыздан шамадан тыс пайда көруіне тосқауыл қою қажет еді”, - дейді ол.

Саясаттанушы осы тапсырманы орындау барысында “PSA” ЖШС басшысы Бекет Избастин мен оның командасы ерекше еңбек сіңіргенін айтады.

“Shell және Eni сияқты жылдық кірісі 100-200 млрд долларды құрайтын, яғни Қазақстанның бүкіл мемлекеттік бюджетінен бірнеше есе асатын алыптармен халықаралық сотта дауласу бұл шынайы патриотизм пен кәсіби шеберліктің айғағы”, - деп қосты ол.

Майгелдинов халықаралық арбитраждағы іс жүргізу өте күрделі әрі көпсатылы процесс екенін, бұл істің шамамен екі жылға созылып, жабық форматта қаралғанын алға тартты.

“Неліктен? Себебі мұнда триллиондаған теңге тұрды, елдің стратегиялық мүддесі басты орында тұрды.

Арбитраж шешімі бойынша, Қарашығанақ консорциумы өнімді бөлу келісімі шеңберінде Қазақстанға бекітілмеген, негізсіз шығындарды өтеуді талап еткен. Басқаша айтқанда, шетелдік компаниялар биыл шығын деп көрсеткен көптеген қаржыны шындығында жұмсамаған немесе артық бағалап көрсеткен. Ал біз олардың әрбір "шығынын" өз мұнайымызбен өтедік.

Сот 2-4 миллиард доллар (шамамен 1-2 триллион теңге) өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл – біздің мемлекеттік бюджетіміздің 7-8 пайызы, бюджет тапшылығының 70 пайызға жуығы”, - дейді ол.

Саясаттанушы Қарашығанақ консорциумы Қазақстан Үкіметімен арбитражда үшінші рет ұтылғанын да ерекше атап өтті. Оның келтірген дерегі бойынша, 2012 жылы консорциум 2002–2007 жылдар аралығындағы шығындарды асыра көрсету фактілеріне байланысты “ҚазМұнайГазға” жобаның 10% үлесін сатуға мәжбүр болған.

“2020 жылы – пайда өнімін бөлу әдістемесі туралы даудың нәтижесінде 1,3 млрд доллар өтемақы төледі. 2026 жылы – тағы да 2-4 млрд доллар төлеуге міндеттелді”, - дейді ол.

Саясаттанушы Бекет Избастин мен оның командасы Президент тапсырмасын абыроймен орындап, отансүйгіштік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсеткенін айтады.

“Қара алтын аталған мұнай экономика күре тамыры. Халыққа тиімсіз мұнай келісімдері арқылы өз несібесі өзіне толық тимей отырған қазақ байлығын ел игілігіне жарату – үкіметтің де, әрбір азаматтың да парызы.

Избастин мен оның командасы шынайы отансүйгіштік пен кәсібилікті көрсете отырып, Президент тапсырмасын абыроймен орындады. Бұл жеңіс тек бір компанияның емес, бүкіл Қазақстан халқының жеңісі!

Ендігі міндет осы нәтижені бекіту, шетелдік корпорациялардың біздің елімізде ашық-жасырын заң бұзуына жол бермеу, ұлттық байлықты ұлттың игілігіне пайдалану. Ұлттық мүдде – басты мұрат”, — деп қорытындылады ол.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove