Аймақта қуаттылығы жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін бір ғана «OTAN Green Food» кәсіпорны бар. Ол өткен 2021 жылы толық қуаттылығының жартысын, яғни 13 мың тонна өнім өндіріп, 2020 жылмен салыстырғанда 7,5 есеге артық көрсеткішке қол жеткізген болатын. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 8 айында құс фабрикасының өнім көлемі 15,7 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық болды.
Алдағы уақытта қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнім және 33,5 миллиардтан астам инвестиция құйылатын бройлер етін өсіру, сою және өңдеу бойынша толық циклді қамтитын «Прима Құс» құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғанда 580 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде 600-ге жуық аудан тұрғынының жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жоспар бойынша жоба ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Өнім өндіргенде өзімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа жеткізуді де жүзеге асыра аламыз. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесе отырып, озық технологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру шараларын әзірлеуді және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндіріс орындарын ашуға инвесторларды тарту бойынша жұмысты жандандыруды, сонымен қатар, «Прима Құс» фабрикасын уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырамын, –деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Ават, Ақтам, Кетмен, Қалжат, Қырғыз, Кіші Дихан, Сүмбе ауылдық округтеріндегі су қоймаларының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді және Сұңқар және Тиірмен таулы өзендерінде су қоймаларын салу жобаларын одан әрі іске асыру мәселесін сапалы зерделеумен қатар, бордақылау алаңдарын, сүт фермаларын, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын құру бойынша шаралар қабылдауды жіті назарға алуды тапсырды.
Айта кетейік, аудан құс, ірі қара және ұсақ мал өсіру бойынша 4-ші орында, жылқы малын өсіруде 6-шы орында тұр. Бүгінде бұл маңда 25 мың тонна сүт өндіріледі, ауданда 850 басқа арналған екі бордақылау алаңы және 200 басқа арналған бір ғана сүт-тауар фермасы жұмыс істеп тұр.