Қабдеш аға, «Орбұлақ шайқасы» тарихта болған!

Dalanews 22 янв. 2020 03:20 2036

Философиядан мысал келтіре отырып бастаған мақаласында өзінің туған ұлты қазақтың тарихындағы әйгілі сұрапыл шайқастардың бірі «Орбұлақ шайқасы» тарихта болған емес!» деп, төбемізге жай түсірген Қабдеш ағамыздың бұл әрекетін алғаш түсінбеген қалыпта әрі-сәрі күй кештік... Бұл жағдай қалың оқырман қауымға, оның ішінде Жаркент өңірі жұртына ауыр тиді. Еріксіз қолға қалам алдық, әрине, мұқым қазаққа есімі мәшһүр ақсақалымыз жайында мұндай мақала жазу да маған жайсыз болып отыр. Қабекеңнің бағытын бағамдадық, енді тарих не дер екен?!

Ендеше,  біз де көп созбай, бірден «Орбұлақ шайқасы» туралы тарихи деректерді келтіре отырып, өз ойымызды білдіруді бастайық. Мәселен, «Қазақ хандығы» кітабының (Алматы, «Аруна Ltd.» 2010) 101-бетіндегі «Орбұлақ шайқасы» мақаласында «...Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық осы «Орбұлақ шайқасы» туралы алғаш тарихшы И.Фишер «Сібір тарихы» атты кітабында былай деп жазған» деген мәлімет келтірілген. Ол дерек келесі 102-103-беттерде жазылған мына жазбамен ұқсас, сондықтан осы нұсқаны жазып отырмын.

«1642 жылы Жәңгір сұлтан қазақ даласына қайта оралады. Жеті жылын тұтқында өткізген ол қас жауы – жоңғарлармен ымырасыз жанға айналды. 1643 жылдың қысында Батыр қонтайшы елу мың әскермен Қазақ хандығына жорыққа шығып, басқыншылар он мың алтайлық және тоқмақтық қырғыздарды қолға түсірді. Жәңгір сұлтан Орбұлақ маңында ойраттардың жолын бөгеді. Жылнамашы осы жайлы былай жазған екен: «Жәңгір әскерінің бір тобына жіңішке шатқалда ор қазуға, ал қалғандарына қалмақтар тар иінде құрылған тұзаққа келіп жеткенше, таудың арғы бетіне жасырынуды бұйырды. Қонтайшы бекініс-тұзаққа атой сала келіп кірді. Бұл мезгілде Жәңгір жауға бүйірден тиіп, жебелер мен мылтықтан атылған оқтардың астына алды, он мыңға жуық жауды жер жастандырды».


Енді сәл кідіріс жасап, дәл сол жылда Қонтайшы ордасына барған орыс елшілерінің мына бір көне жазбасына да көңіл аударайық. 1644 жылы 16 ақпан мен 9 мамыр аралығы. Тобыл әскербасы Р.С. Куракиннің Сібір билеушісіне қазақ әскері мен жоңғарлардың әскери әрекеттері, таудағы шайқасы туралы жазбасында мынадай мәліметтері жоғарыдағы оқиғаны толықтыра түседі. 1644 жылдың 12 ақпанында Тобыл қызметіндегі Гришко Ильин мен жұрт татары Кучембердейке Кучеевтардың  Қонтайшы ордасына  барғанда , «Да Гришка ж и татарин Кучембердейко сказывали нам, ...что слышали де оне у него ж Контайши в улусех от нагайских и от киргизских полоняников, как де он, Контайша, ходил на Янгира-царевича и на Ялантуша войною», яғни ноғай және қырғыз тұтқындарынан «Қонтайшының қалай Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөске қарсы соғысуға барғанын, Жәңгірдің Қонтайшыға қарсы 600 әскермен қарсы шыққаны, онда Жәңгір оқпана қаздырып отты қарумен 300 адамды сонда отырғызып, өзі 300 жауынгермен ту сыртынан шабуылдап, сол екі ұрыста Қонтайшының 10 мың адамын жер жастандырады. Дәл сол кезде Жәңгірге 20 мың қолмен Жалаңтөс көмекке келеді. Қонтайшы амалсыз шегінуге мәжбүр болады» – деген деректері  жоғарыдағы берілген ақпаратқа дәлме-дәл келіп тұр емес пе?!

Бұл жазылып отырған мәліметтер ел шежіресіндегі әйгілі «Орбұлақ шайқасы» туралы жазылғандардың  бір парасы ғана. Ұлтымыздың өрлігін, ерлігін паш ететін ұлы жеңісін жоққа шығарудағы мақсатыңызды түсінбедік, Қабдеш аға?


Сіз айтып отырғандай, «ол ор аң аулау үшін қазылса» неге – Құланды немесе Құланқырылған деп аталмады? Сол жер түгіл, жақын-жуық маңайда ондай жер атауы мүлдем жоқ. Керісінше,  Жалаулы, Қызылқия, Орбұлақ деп, сол бір отты жылдардан жер атауының өзі хабар беріп тұр емес пе?! Басқа-басқа, тамырыңыздағы жаныңызға қуат беріп тұрған қазақтың қаны, Алаш баласының адам есімі мен жер атауын ешқашан да оңайлықпен өзгертпейтінін сездіріп тұрса керек. Оған мысал Сақ заманынан келе жатқан адам есімдері – Тұмар, бергі Алтын Орда кезеңіндегі Жәнібек есімдерін есіңізге түсірсеңіз де жетіп қалар. Ал оның қасында Орбұлақ дегеніңіз, мұндағы  ХVІІ-ші ғасыр ғой...

1998 жылы «Ғылым» баспасынан ғалым В.З. Галиевтің «Хан Джангир и Орбулакская битва» деген кітабы шығып, онда Орбұлақ соғысы туралы карта-жобасымен бірге Қ.Исабаев ағамыз көрген архив материалы түпнұсқа бойынша толық жарияланды. Бұндағы архив құжатының ерекшелігі аталмыш шайқастың дәл 1643 жылы болғандығын нақтылайтын таптырмас дерек. Сонымен қатар орыс тарихшысы И.Я. Златкиннің «Жоңғар хандығының тарихы», А.И. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацских орд и степей», отандық ғалымдарымыз М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов т.б. бұл тізімді әрі  қарай тізе беруге болады.

Міне, осыншама көзі ашық, көкірегі ояу жандар  «Орбұлақ шайқасы» тақырыбына көз майын тауысып, ізденіп жүріп шығармаларын  жазды. Ал сіз болсаңыз бір-ақ сәтте, «Орбұлақ шайқасы тарихта болмаған!» деп жылдар бойғы ұлт тарихындағы  тамшыдан жиналған ұшан-теңіз рухани қазынасын, өз ата-бабаларыңыздың көзсіз ерлігін қара бояумен сызып, тарих төрінен жұлып тастамақ ниеттесіз. Қалай ойлайсыз, туған елінің құрметіне бөленіп жүрген сіздей абыз ақсақалға  осындай әрекет лайық па?! Мен олай ойламаймын... Бабаларымыздың «Ақбөкен өз қағынан жерінсе, құлағында құрбақа ойнайды» деген тәмсілін ұмытқаныңыз ба, Қабеке!


Ойымды қорыта келе, сөз соңын қазақтың ержүрек аймаңдай оғланының бірегейі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, сол жылдардағы еліміздің қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетовтың ҚазТАГ тілшісіне берген: «Бұрын көшпенділер ХVІІ ғасырда тек ашық далада ғана соғысты деп есептеліп келген болатын. Ал «Орбұлақ шайқасы» қазақ халқының әскери өнерінің жақсы дамығандығын паш етіп берді. Салқам Жәңгір тәрізді қолбасшылар жеңіс үшін тек жақсы үйретілген әскер ғана емес, сонымен бірге жер жағдайына сай дұрыс тактиканы қолдану да қажет екендігін жақсы түсінді. Сондықтан Салқам Жәңгір қолбасшы ретінде алдын ала жоңғардың 50 мың әскері қай бағыттан келетіндігін дұрыс анықтап, қорғаныс желісін сәтті таңдай білді. Ал Орбұлақтың жер жағдайы оны жүргізу үшін өте  ыңғайлы болатын. Үш жарым ғасырдан кейін де қанды шайқас орнында қазылған ордың айқын іздерінің қалу фактісі қазақ  жауынгерлерінің шайқасқа түбегейлі дайындалғандығына айғақ» деген түсініктемесімен түйіндеймін («Егемен Қазақстан», 01.07.93).

Құрметті, Қабеке! Сіз мақалаңызды жоғарыда айтып өткенімдей философия мысалымен бастап, ары қарай қамшы салғызбай, мәреге алқынбай-ақ жетіпсіз. Шамалап екшеп көрсем «Философия» сөзі көне гректің, (филео-сүю, софия-даналық), яғни даналыққа деген сүйіпеншілікті білдіретін ұғым екен. Шыны керек, сіз сияқты емес мен кәдімгідей алқынып, әбіржіп отырман. Себебі бұл «сенсациялық» қадамыңызды даналықтың қай санатына жатқызарымды білмей басым қатып отыр...

Қорыта айтқанда аға, сізге Жаркент жұрты ренжулі. Менің бала кезім, ал атам Рамазан шамамен сіздің жасыңызда еді. Сол бір қарапайым қария:  «Балам, халық – теңіз, толқыса жаман. Назасына қалма, көпке топырақ шашпа! Алғыс ал, балам, алғыс ал!» дегенді үнемі құлағыма құйып отырушы еді...  Мен де сізді жамандыққа қимаймын, себебі тегіміз – түркі, қанымыз бір Қазақпыз ғой, ағасы!...

Қали  Ибрайымжанов

Жаркент қаласы

 

 

Рекомендовать
Последние новости