Пітір, садақаны мешіт салуға бағыттау керек – журналист

Dalanews 26 апр. 2023 01:44 1246

Белгілі журналист Марат Тоқашбаев ағамыз таяуда Алматыдағы Орталық мешітте болып Қадыр түнінің ғибадатына қатысып, Қадыр түніне жиналған қауымға құттықтау сөзін арнап, артынан Қазақстандағы мешіттердің жайын әңгімелеп берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Интернет желісінде: «Мешіттер неге көбейіп кетті?», «Мешіт орнына мектеп неге салынбайды?» деген тәрізді түрлі сұрақтар (кейбіреуі арандатушылық пиғылда) туындап жатады. Бұл шынымен де осындай ма? Бүкіл әлемдегі жағдай қандай? Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстанда дәл бүгінгі күнде жалпы білім беретін мектеп саны – 7475. Жеке меншік мектептер 400-ден асты. Мемлекеттік мектеп құрылыстары толықтай бюджет есебінен салынады.

Ал мемлекет есебінен бірде бір мешіт салынған емес! Мешіт құрылыстары толықтай жекеменшік тұлғалардың қайырымдылық қызметінің арқасында жргізіледі.


Мешіт салуда халықаралық деңгеймен салыстырғанда Қазақстан қай тұста? Енді осы сұрақтарға біртіндеп жауап беріп көрелік.

Мұсылмандар саны ең көп мемлекет Индонезия халқының 90 пайызы мұсылман, шамамен 250 миллион халық бар. Сол Индонезияда мешіттердің жалпы саны 1 млн-нан асады екен. Пәкстанда мешіттер саны 600 мыңдай.

Иранда 1979 жылы 25 000 мешіт болса, қазір мешіттер саны үш есе көбейіп 79 000-ға жеткен.

Түркияда мешіттер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы деректерде Түркиядағы мешіттер саны 90 мыңға таяған. Бір Стамбұлдың өзінде жұма намаз өтелетін 3370 жәми-мешіт бар. Ал тек қаладағы намазханалар саны 40 мыңнан асатын көрінеді.

АҚШ-та мешіттер саны – 2800. Бір Нью-Йоркте 257 мешіт жұмыс істейді. АҚШ-ты қазір 10 миллионнан астам мұсылман мекендейді.


Францияда 2600-дей мешіт бар. Бір Париждің өзінде жүзге тарта мешіт жұмыс істейді.

Англияда ең алғашқы мешіт 1924 жылы салынса қазір мұсылман ғибадатханаларының саны 2500-ге жетіп қалды. 2001 жылдан бері Лондонда адам келмейтіндіктен 500-ден астам шіркеу жабылып, керісінше олардың орнына 423 мешіт ашылған. Британдықтар қазір «ағылшындық христиандықтың қирандылары орнында гүлденген Лондонстан пайда болып келеді» деп қалжыңдайтын болды. Тіпті, Лондонның Хитро әуежайында намаз оқитын орын бар.

Ресейде 25 миллионға жуық мұсылман болса оған 2500-дей мешіт қызмет етеді.

Италияда 500-ден астам мешіт бар.

Соңғы он жылда Жапонияда мұсылмандар саны екі есеге көбейген. Қазір Жапонияда 110 мешіт жұмыс істейді. Мұнда ең үлкен проблема – мұсылмандарды жерлеу. Орын жетістпейді.

Оңтүстік Кореяда 300 мыңдай мұсылман бар.

Сонау алыстағы Бразилияда 150 мешіт бар.

Қазақстандағы мешіттер саны 2500-дей ғана. Оның көбі 50 адамдық, жүз адамдық шағын ауылдық мешіттер. 2 миллион астам халық тұратын Алматыда намаз оқуға ынталы 500 мыңнан астам адам болады деп есептесек, халықаралық норма бойынша оған 300-ден астам мешіт қажет екен. Алматыда қазір бары 53 қана мешіт!


Биыл Қазақстан халқы 20 миллионға жеткелі отыр. Оның кемінде 15 миллионғы мұсылман. Бір ғибадатханаға орташа есеппен шетелдік өлшемде 1600 адам келеді деп есептесек 15 миллионға мұсылманға кемінде 7500 мешіт қажет. Сондықтан пітір, зекет, садақа сияқты қайыр-ихсандарыңызды кәріп-кәсір, мүсәпір жандармен бірге мешіт құрылыстарына бағыштау да үлкен сауап болып табылады.

Рекомендовать
Последние новости