Перизат Қайрат туралы фейк ақпарат тарады

Көркем Алдабергенова 22 нояб. 2024 10:41 1026

Әлеуметтік желілерде жуырда ұсталған Перизат Қайраттың "сұхбаты" жарияланды. Онда ерікті ретінде танылған Перизат Қайрат Қаржылық мониторинг агенттігі таққан барлық айыпты жоққа шығарған екен. Алайда stopfake.kz мұның алаяқтар адамдарды алдау үшін қолданатын фейк сұхбат екенін жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Басылым мәліметінше, желіде тараған жазбаның тақырыбы да қызық және онда Tengrinews.org деген сайтқа сілтеме жасалған. Дегенмен сайттың домені ұлттық .kz емес, халықаралық .org екенін байқауға болады.

Tengrinews жаңалықтар порталы .kz доменін пайдаланады.

"Алаяқтар неғұрлым сенімді болуы үшін қазақстандық интернет басылымның басты бетін толығымен көшіріп алған", - деп жазылған деректе.

Сұхбат мәтінінде алаяқтар "пассивті кіріс" ұсына отырып, танымал қазақстандық банктің бағдарламасын жарнамалайды. Шын мәнінде, бұл бағдарламаның қаржы институтына ешқандай қатысы жоқ, ол - қылмыстық схеманың бір бөлігі. 

"Киберқылмыскерлер жалған сайтта тез арада дивиденд төленетінін айтып, өтінім толтыруды ұсынады. Олардың қулығына түсіп қалмаңыз: күмәнді сауалнамаларды толтырмаңыз және оңай пайда табуды ұсынған бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Белсендіге тағылған айыптар жоққа шығарылған жоқ, ал ақпараттың өзі - алаяқтық схеманың бір бөлігі. Алаяқтардың көздеген мақсаты - жеке деректеріңіз бен ақшаңызды иемдену үшін сізді жалған сайтқа тарту", - деп жазылған деректе.

Айта кетейік, Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алған. 

16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 


Рекомендовать
Последние новости