“Қытай сөмкесіне салынды”. Куәгер Перизат Қайраттың 200 миллион теңгені қалай алғанын айтты

Қаракөз Амантай 17 июл. 2025 17:38

Сот отырысында куәгер Әділхан Мусин Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры жинаған қайырымдылық қаржысы қалай қолма-қол ақшаға айналдырылғанын егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мусиннің айтуынша, ол Перизатты 2014 жылдан бері әйелі арқылы таниды. 2024 жылдың ақпан-наурыз айларында олар қайырымдылық туралы, соның ішінде Газадағы жағдайға көмектесу жайын да талқылаған. Алайда кейін қор қызметі Қазақстандағы тасқыннан зардап шеккендерге бағытталған.

2024 жылдың көктемінде Перизат Қайрат одан Қытай шекарасынан киіз үй мен өзге де тауарларды сатып алу үшін көмек сұраған. Оның айтуынша, жеткізушілер тек қолма-қол ақшамен жұмыс істеуге келісім берген, есепшот арқылы аударым қабылдамаған.

Мусин Перизатты кәсіпкерлермен таныстырып, ақша олардың атындағы жеке кәсіпкерлік шоттарына аударылған. Кейін бұл қаражатты қолма-қол алып, Мусинге тапсырған. Ол өз кезегінде ақшаны Перизат Қайратқа жеткізіп отырған.

"Перизаттың жеткізушілері болды, олар нақты ақшаны талап етті. Біз сендік. Құжаттарды кейінірек рәсімдедік", – деді куәгер.

Оның айтуынша, бір транштың көлемі шамамен 200 миллион теңгені құраған. Сызбаға 12–13 жеке кәсіпкерлік қатысқан, әрқайсысы 70 миллион теңге шамасында ақша алған.

Іс басталған кезде Kaspi Bank екі жеке кәсіпкердің есепшотын бұғаттап тастағандықтан, қаражатты шешу мүмкін болмаған. Бірақ кейін Перизат Қайраттың өзі банкпен келіссөз жүргізіп, шоттарды қайта ашқызған.

Мусин Перизаттың Қытайға барғанын нақты растай алмағанымен, оның сатып алынған киіз үйлер мен биоәжетханаларға қатысты суреттерін көрген. Сондай-ақ Қайрат кеденде еш қиындық болмайтынына сендірген.

Мусин мәмілелер заң аясында жүруі керек болғанын, алайда уақыт тығыз болғандықтан формалдықтарға мән берілмегенін алға тартты.

Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қазір судьялар су тасқыны кезінде жиналған қаражатқа қатысты эпизодты қарауда.

Бұған дейін сот отырысында Қайратқа 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйлеген еді. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.

"Президенттің су тасқыны кезінде жасаған үндеуінен кейін басшылық зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бізге Biz Birgemiz қоры сенімді ұйым болып көрінді. 10 мамыр күні акционерлік қоғамның шотынан қорға 200 млн теңге аудардық. Перизат Қайраттың атынан жарияланған жарнамада несие төлемдерін тоқтату туралы үндеу де болды. Бұл да әсер етті – шын мәнінде, халыққа жаны ашитын адам сияқты көрінді", – деді Исаева.

Сонымен қатар Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын тексерместен 300 млн теңге аударғаны туралы мәлімдеген еді.

Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылды.

Осы науқан аясында First Heartland Jusan Bank (қазіргі атауы Alatau City Bank) 300 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен. Банктің өкілі Бейбіт Жорабаевтың айтуынша, оларға BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорынан Перизат Қайраттың қолы қойылған хат келген. Онда қайырымдылық көмек сұралған. Бұл мәселе банктің басқарма отырысында қаралып, қаражат қайырымдылық ретінде аударылған.

Алайда Перизат Қайрат бұл бастаманың банктің өзінен шыққанын айтады. Осыған байланысты ол соттан PR қызметінің өкілі Михаил Егормен беттесуге мүмкіндік беруді сұрады. Айтуынша, дәл сол адаммен келіссөз жүргізген.

Банк бұл іске жәбірленуші тарап ретінде танылған. Оның атынан сотта Жорабаев куәлік берді.

Қорғаушы Асланбек Давлетьяров сот отырысында банктен: неліктен дәл сол 300 млн теңге ұрланды деп сенімді айтасыздар, бәлкім ол қаражат шын мәнінде зардап шеккендерге жұмсалған шығар? – деп сұрады. Оның сөзінше, Қайрат 2024 жылдың 2 сәуірі мен 18 шілдесі аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржыны моторлы және үрмелі қайықтарға, генераторларға, киіз үйлерге, азық-түлік пен техникаларға жұмсаған.

"Біз тергеу материалдарымен таныстық, тергеу заң аясында жүргізілгеніне көз жеткіздік. Тергеуші ұсынған барлық құжаттарды оқыдық. Бірақ нақты біздің қаражат қайда жұмсалғанын зерттеген жоқпын, сондықтан бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын", – деді Жорабаев.


Рекомендовать
Последние новости