Павлодарда спорт нысандары талан-таражға түскен: прокуратура бірнеше заңбұзушылықты әшкереледі

Қаракөз Амантай 30 янв. 2026 13:35

Павлодар облысының прокуратурасы өңірдегі спорт нысандарына жүргізілген тексеріс барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы облыстық қадағалау органының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокуратура стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждерін қамтыған кешенді тексеру жүргізген. Нәтижесінде кейбір спорт нысандарының заңсыз түрде жекеменшікке беріліп, коммерциялық мақсатта пайдаланылғаны және жалдау ақысының төленбегені белгілі болды. Мәселен, Павлодар қаласында бір хоккей корты үш жыл бойы тегін қолданылған, ал коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген.

Сонымен қатар спорт мектептерінің қызметінде қаржы жымқыру және жалған төлемдер фактілері анықталып, келтірілген шығын көлемі 10 млн теңгені құраған.

Атап айтқанда, аудандардың бірінде бухгалтер үш жыл ішінде өз шотына заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету") бойынша қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Қадағалау органы спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылардың, сондай-ақ халық денсаулығы мен қоғамдық моральға қарсы қылмыстары үшін бұрын сотталған қызметкерлердің жұмыс істегенін де анықтаған.

Бұдан бөлек, спортшыларды орналастыруға қатысты жалған келісімшарттар жасалып, іс жүзінде жоқ қонақүйлер көрсетілген. Соның салдарынан 2,8 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігінің тозығы жеткенін көрсетті: трибуналар қираған, шатырлардан су ағады, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдайлар жасалмаған, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмайды.

Прокуратура барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілерін енгізгенін мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove