ӨЗБЕКТІҢ ТОҚЫМА-ТІГІН ӨНІМІНЕ ТОҚТАУ САЛУ КЕРЕК

Dalanews 10 окт. 2014 14:52 1203

[caption id="attachment_8101" align="alignnone" width="300"]Tolkuchka_Bazaar_in_Ashgabat Өзбек өндірісті өркендетуде өлермен болып тұр.[/caption]

Отандық өндірісті дамытпайынша, ел экономикасы аяққа нық тұрды деп айтуға болмайды. Бұл қағиданы қазір бәрі біледі. Таяуда жеңіл өнеркәсіп саласына ден қойған бірнеше кәсіпкермен әңгіме-дүкен құрғанымызда тоқыма-тігін саласы тығырыққа тіреліп тұрғанын түсіндік. Енді өзекті мәселені жіліктеп, жоғары жаққа жеткізуді жөн санап отырмыз.

 Әлқисса...

Әдетте, жеңіл өнеркәсіп дегенде еліміздің оңтүстігінде қолға алынған мақта кластері еске түседі. Үкіметтің бұл бағыттағы мақсаты айқын, әкімдіктің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы экономикалық аймақтар құрылып, бірқатар кәсіпорындардың жұмысы жолға қойылғаны белгілі. Жергілікті билік орындары арнайы экономикалық аймаққа өндіріс ошақтарын дамытуға қажетті инфрақұрылымды толықтай жеткізіп, оларға мейлінше жағдай жасауда. Тіпті, өндіріске орнын ашуға ниеттенген іскер азаматтарға тегін жер телімдері беріліп жатыр. Бұл облыс әкімінің бас болуымен атқарылып жатқан шаруа. Жалпы өңірлердің экономикалық хал-ахуалын жақсартуға Үкімет пен ірі компаниялар да мүдделі болуы тиіс. Еліміздегі ірі компаниялардың ырысын арттырып отырған кәсіпорындардың бәрі аймақтарда орналасқан. Сондықтан, «Самұрық-Қазынаның» маңайына топтасқан азулы компаниялар аймақтарды дамытуды басым бағыттарына айналдыруы тиіс.

 
Қазақстандық кәсіпкерлер көрші елге тауар сатқанда Өзбекстанның Ұлттық банкы сумды бірден долларға айналдырып бере салмайды. Бұл шаруа Өзбекстанда бір жылға дейін созылады екен.

 Айтқымыз келгені...

Енді негізгі әңгімемізге көшсек. Соңғы уақыт біз сөз етіп отырған жеңіл өнеркәсіп саласы Үкіметтің жеңілдетілген қаржылық ресурсына қол жеткізіп, жұмысын жандандыра бастады. Мұны іскер азаматтардың өздері де жиі айтып жүр. Олар өндірісті құрудағы мемлекеттің қолдауын сезіне бастады. Қазір өндірісті дамытуға жауапты органдар отандық тауар өндірушілердің мүддесін тиісті деңгейде қорғай алмауда.  Бізге оңтүстіктегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жағдайы (басқа аймақтарда мұндай кәсіпорындар жоқ десек те болады) тақырыпқа тұздық болып отыр. Қазір еліміздің іскер азаматтары киім-кешек, кілем және түрлі төсеніш бұйымдарын шығарып жатқаны баршаға мәлім. Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарында кілем шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысып, өз бағасын берді.

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қазір іргедегі көршілеріміз – Өзбекстан мен Қырғызстан да айрықша ықылас танытып отыр. Бір сөзбен айтсақ, Орталық Азияда бұл сала бәсекелестік жағдайда дамудың жолына түсті. Еліміздегі қара базараларға бара қалсаңыз, алдыңыздан өзбек пен қырғыздан басқа, олардың тоқыма-тігін бұйымы да қарсы алатыны жасырын емес. Базарда көршілеріміздің тауары еркін саудалануда. Мұны базарға ат ізін салмайтын шенеуніктер ғана білмеуі мүмкін. Ал қарапайым халық жақсы біледі. Сол көршілеріміз өндірген қалың тауардың арасынан отандық өнімдерді қолыңа шам алып жүріп әрең табасың. Осыдан-ақ көршілеріміздің жеңіл өнеркәсіпті дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын байқайсың.

 
Өзбектердің жеңіл өнеркәсіпке қажетті сырттан кіргізетін шикізатқа төлейтін кедендік баж салығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде. Ал қазақ кәсіпкерлері Кедендік одақтың «арқасында» 40 пайызға дейін кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр.

[caption id="attachment_8103" align="alignnone" width="300"]Seamstresses at work inside Vladimir Foton's workshop. Bishkek. David Trilling Билік қазақстандық тауарөндірушілердің мүддесін қорғай ала ма?[/caption]

 Есеміз кетіп жатыр

Қазір қырғыз, өзбектен бастап азуы алты қарыс Қытайға дейін өндірісті өркендетуде өлермен болып тұр. Жеңіл өнеркәсіпті өркендетуде алашапанды ағайындардан біраз жайтты үйренуге болатындай. Өзбекстан Үкіметі Қытайдың әр саланы шоғырландырып дамыту саясатын басшылыққа алып, қызу жұмыс істеуде. Көрші елде аяқ киім, киім-кешек, кілем шығаратын 26 ірі фабрика мен 200-ден астам шағын цехтар дамылсыз өнім шығаруда. Олар өндірген өнімнің 80 пайыздан астамын Қазақстан мен Ресейге саудалап, көл-көсір пайдаға кенелуде.

Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін нақты сандарды сөйлете кетсек. Өзбекстанның киім-кешек тігуге бейімделген Наманган облысында күн сайын 10-13 мың классикалық костюм-шалбар тігіліп, соның 80 (!) пайызы Қазақстан мен Ресейге саудаланып жатыр. Осылайша өзбектер өндірген өнімдерін іргедегі көршілеріне еркін стаып, мұрын майлауда. Сөз басында отаншыл қазақ кәсіпкерлері де Өзбекстандағы әріптестерінен қалыспай түрлі киім-кешектер өндіріп жатқанын айттық. Осы орайда «елімізге заңды, заңсыз жолмен келіп жатқан Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп тауарларымен отандық өнімдер бәсекелеса ала ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Тауар бағасының бәсекесі жайында сөз қозғамастан бұрын, тоқыма-тігін саласына қажетті шикізаттың түйткілі турасында айта кеткен жөн. Бұл бағытта біздер Қазақстанның Кедендік одақтың белсенді мүшесі екенін қаперде ұстауымыз керек. Өйткені Қазақстанға сырттан келетін заттың құны біршама жоғары болып келеді. Қазір Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма-тігін саласындағы кәсіпорындары өздеріне қажетті шикізатты Қытай, Түркия сынды бірқатар елдерден тасымалдайды. Көршілес екі елдің кәсіпкерлері шикізатты ел аумағына кіргізгенде екі түрлі алым-салықтар төлейтіні анық. Өзбектердің жеңіл өнеркәсіпке қажетті сырттан кіргізетін шикізатқа төлейтін кедендік баж салығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде. Ал қазақ кәсіпкерлері Кедендік одақтың «арқасында» 40 пайызға дейін кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр. Бұдан кейін жеңіл өнеркәсіп саласында кімнің бәсі жоғары болатынын бағамдай беріңіз. Бұдан ҚР Индустрия және жоғары технологиялар министрлігі ақ қанарды қара жіппен қалай «көктеп» отырғанын байқаймыз. Мұнымен қоймай, Өзбекстаннан келетін тауардың біразы контрабандалық жолмен келетіні жасырын емес. Мұндай жағдайда олардың құны Қазақстан нарығына тіпті арзан болып жетеді. Осындай жағдайды есепке алған адам жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жүрген азаматтардың қандай қиыншылықпен бетпе-бет келіп отырғанын бірден байқар еді. Әрине, мәселенің түйінін тарқатуға болады. Бұл үшін ҚР Индустрия және жоғары технологиялары министрлігіне қарасты Өндірісті дамыту комитеті сырт елдерден келетін жеңіл өнеркәсіп бұйымдарына салынатын кедендік баж салығын тиісті деңгейге дейін көтеруі қажет. Қазақстан Кедендік одақтың мүшесі болғандықтан, бұл мәселеде Ресей мен Беларустың келісімі қажет.Таңғаларлығы, жеңіл өнеркәсіп саласында қос елдің жетекші кәсіпорындары жоқ. Сондықтан, комитет қызметкерлері бұл салада Қазақстанның ұпайын түгендеуге баса мән беруі тиіс. Бұл – олардың басты міндеті екенін де білеміз. Егер біздің шенеуніктер осы мәселені көтеріп, ұсыныстарын өткізсе, олардың өз ісінің шебері екенін мойындап, қол шапалақтауға болады. Қазір киім-кешек, кілем өндіретін отандық кәсіпорындар комитеттен осындай нақты қолдау, ұсыныс күтуде. Егер комитет қазақтандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғай алмаса, бір-екі жылда ашылған кәсіпорындар банкрот болып, киер киім мен кілем, төсеніш үшін өзбек пен қырғызға толықтай тәуелді болып қалуымыз мүмкін.
Өзбекстанның киім-кешек тігуге бейімделген Наманган облысында күн сайын 10-13 мың классикалық костюм-шалбар тігіліп, оның 80 (!) пайызы Қазақстан мен Ресейге саудаланып жатыр.

 Тиімсіз текетірес

Айтпақшы, комитеттегілер «осы біздің кәсіпкерлер неге өз өнімін өзбек пен қырғызға сатып бәсекеге түспейді?» деп айтуы мүмкін. Оған да айтар жауабымыз бар. Жеңіл өнеркәсіптің көшін бастаған кәсіпорындар Өзбекстанға бір-екі рет өнімдерін сатуға ниеттенген. Бірақ сыртқа валютаны шығармауға баса мән беретін өзбектер біздің тауарөндірушілердің бұл ойына тосқауыл қойған. Екі елдің кәсіпкерлері бір-біріне тауар сатқанда доллармен есеп айырысатыны анық. Қазақстандық кәсіпкерлер көрші елге тауар сатқанда Өзбекстанның Ұлттық банкы сумды (аталған елдің ұлттық валютасы) бірден долларға айналдырып бере салмайды. Ал біздер теңгені сол заматта долларға ауыстырып, өзбек кәсіпкерінің қолына ұстатамыз. Бұл шаруа Өзбекстанда бір жылға дейін созылады екен! Кәсіпкер 1 жыл ақшаны күтіп жатқанда өндіріс тоқтап қалатыны белгілі. Сондықтан қазақстандық кәсіпорындар Өзбекстанға тауар сатып, береке таппасын түсінген. Есесіне, өзбек тауары бізге ағылып келіп жатыр. Өндірісті дамыту комитеті бұл мәселені біздің кәсіпорындардың пайдасына шешіп беруі тиіс. Әйтпесе өндіріске ақша салуға ниеттенген кәсіпкерлер тойхана салып, шетелден тауар тасымалдап, өзге елдің экономикасын дамытуға мәжбүр болады.     

Нұрлан ЖҰМАХАН         


Рекомендовать
АРЗАН ӘЗІЛ...
АРЗАН ӘЗІЛ... 10 окт. 2014 11:31
Последние новости