Өзбекстан төлқұжатынан құтылу үшін 110 доллар қажет

Dalanews 19 июл. 2016 03:28 1521

Ақтөбеге үш жыл бұрын көшіп келген оралман Өзбекстанның паспортын кері қайтара алмай жүр. Заң талаптары бойынша Айсәнім Қошпанова 110 доллар, яғни, 40 мың теңге ақша төлеп, Алматыдағы елшілікке паспортты өзі тапсыруы тиіс екен. Ал зейнеткердің жол жүруге денсаулығы көтермейді, ақшасы да жоқ. Қос азаматтықпен жүрген ол енді айыппұл төлеймін бе деп қорқып, Үкіметтен екі ел арасындағы көші-қон заңдылықтарын оңтайландыруды сұрады, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Айсәнім Қошпанова Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге 2013 жылы көшіп келген. Содан бері Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасын тоздырды.

– Ақтөбеге ағамның ізінен келдім. Ол менің жалғыз ағам болған соң бауырымнан қара үзіп қалғым келмеді. Сөйтіп, Өзбекстандағы үйімді сатып, ата-баба жеріне жалғыз қызыммен қоныс аудардым. Бірақ, құжаттарымыз әбігерге салып, шаршатып жіберді. Тіпті, уайымнан денсаулығым нашарлап, дәрігер жағалап жүрмін, – дейді Айсәнім Қошпанова.

Дәлірек айтқанда, ол Өзбекстанда жеке куәлікпен жүреді. Ал Қазақстанға көшуге құжат рәсімдеген кезде төлқұжат алу міндеттелді. Сол паспорт болған кезде ғана Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндік бар екен.

– Азаматтық алдым, Ақтөбеге көшіп келдім. Қаладағы Елек полиция бөлімі қызыл түсті жеке куәлікті алып қалды, бірақ, паспорт әлі күнге дейін қолымда жүр. Көші-қон полициясы маған паспортты Алматыдағы Өзбекстан елшілігіне пошта арқылы салып жібер деді. Жібердім, ол жақтағы адамдар хатты ашпастан, кері қайтарды, – дейді оралман.

Айсәнім Қошпанованың ағасы Есенғали Сағиев 2000 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ол кезде құжаттарды рәсімдеу оңай шаруа еді. Соңғы кездері шығыны көп жұмысқа айналды деп отыр ол.

– Бұрын біз көшіп келген кезде тұрған жеріміз төлқұжатымызды бірден алып қалатын. Қазір қолдарына ұстатып жіберіп, кейін Қазақстанға тіркеледі, азаматтық алады. Содан кейін ғана қайта барып, төлқұжат тапсыру керек екен. Екі ортада жүретін қаржы тапшы, зейнетақы жетпейді. Пошта арқылы жіберіп едік, өзімізге қайта келді. Ол үшін 110 доллар ақша төлеуіміз керек екен. Бізде мұндай қаржы жоқ, – дейді Е.Сағиев.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы көші-қон заңдылықтары өзгерген тұста, Өзбекстан тарапынан қойылатын талаптар күшейіп, қарапайым адамдар қиындыққа тап болып жүр. Әрі-сәрі күй кешкен оралман ел Үкіметінен көмек сұрап отыр.

Оралман Айсәнім Қошпанова бір ай мерзімін өткізіп алды. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Жаңыл Аймұхамбетованың айтуынша, зейнеткер Айсәнім Қошпанова заң талаптарымен елшілікке барып, құжатты тапсыруы тиіс екен. Ал оралман қазір денсаулығына байланысты дәрігерлерді жағалап жүр. Ол қант диабетіне шалдыққан.

– Қазір емханада жүрмін. Денсаулығым нашарлап кетті. Тіпті, қайда барып, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Облыстық көші-қон полициясы мен секілді әбігерге түскен адамдардың көп екенін айтты. Өзім зейнетақы аламын. Қызымның айлығы – 30 мың теңге. Оны пәтерақыға беріп, зейнетақыны тамаққа жұмсаймыз. Үй алуға кезекке тұрғаныммен, арендалық пәтер 68 мыңға шығып, оны төлей алмайтын болған соң баспанадан бас тарттым. Менде ешқандай амал қалмады, – дейді көп жүрістен шаршаған оралман.

 

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

 

Рекомендовать
Последние новости