Отандық өндірушілерге жаңа жеңілдіктер

Самал Асқар 30 янв. 2026 14:17

Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар жаңа шаралар қабылданды, бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазақстандық өндірушілер үшін міндетті аванс мөлшері 50% деңгейінде белгіленіп, барлық түрдегі қамтамасыз етуден босату тетігі қарастырылған. Сонымен қатар тауарды жеткізу мерзімі 60 күнге дейін ұзартылып, жеткізілген өнім үшін төлем жасау уақыты 10 күнге дейін қысқартылған. Бұдан бөлек, офтейк келісімшарттар жасау мүмкіндігі енгізілген.

Қабылданған шаралар нәтижесінде отандық кәсіпорындармен жасалатын шарттар көлемі айтарлықтай артқан.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер отандық тауар өндірушілермен 456 млрд теңгеге келісімшарт жасады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 23%-ға көп», – деді вице-министр.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда EPC және EPC+F шарттары енгізілген. EPC шарты бойынша бір мердігер жобалаудан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізіп, нысанды пайдалануға беруге дейін толық жауапты болады. Ал EPC+F тетігі мердігердің жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асыруын көздейді.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, бұл механизмдер бұрынғы заңнамада болмаған. Қазір оларды қолдануға мүмкіндік беретін заңға тәуелді актілер күшіне енген, ал электронды портал келісімшарттарды жасасуға дайын.

Билік бұл өзгерістер отандық өндірушілердің қаржылық жүктемесін азайтып, өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп отыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove