«Отандастар» қоры: қиырдағы қандастар Түркістанның тарихымен танысты

Dalanews 23 нояб. 2018 03:15 1138

Бұдан бұрын елімізде «Туған жерге тағзым» атты кең ауқымды жобасы басталғанын хабарлаған едік. 

«Отандастар» қоры ұйытқы болған шараның мақсаты – алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарға арнап, Қазақстанның киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсиялар сериясын ұйымдастыру еді.

Екі күнге созылған экскурсия Түркістан өңірінен бастау алып,  отандастарға Қожа Ахмет Йассауи, Арыстан Баб кесенелері, Түркістанның тарихи мұражайы және өңірдің басқа да көрікті жерлері таныс етілді.

Жалпы, аталған «Отандастар» қоры алдағы бес жыл ішінде экскурсиялық турларды еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр.


Келесі реттегі жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік отандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі.



«Отандастар» Қоры» «Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсиялар жобасын «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіп отыр. Жоба бағдарламасына «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» көпфункционалды виртуалды картасы нысандарымен танысу кіреді. Аталмыш идея Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бұл бастаманы басымдық міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын.

Қазір Қазақстанның тарихи жерлері тізіміне 185 жалпыұлттық және 500 өңірлік деңгейдегі нысандар енгізілген.

Рекомендовать
Последние новости