Өскемендегі спорт кешені

Dalanews 05 дек. 2015 09:18 1860

Өскеменге сән берген спорт кешені дәл қазіргі күні қала халқының ғана емес, тұтас өлкенің көз қуанышына айналып отыр. Жекпе-жек сарайы, жүзу бассейні, Ольга Рыпакова жеңіл атлетика манежі – қала тұрғындарының үнемі спортпен шұғылданып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарды тамашалайтын сүйікті орындарының бірі.

Бұл спорт кешенінің бір ерекшелігі пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болған әрі құрылысы жаңадан бой көтергендіктен, ғимараттары заманауи үлгіде. Үш ғимарат қатар бой түзеп, спортпен шұғылданғысы келгендерге қолайлылық танытып отыр. Жас өскіндер бір мезгілде жекпе-жектің түр-түрімен шұғылданып, жеңіл атлетика кешенінде жүгіріп, бассейнде жүзе алады. Қазір қаланың жастары мен барша тұрғындары осы кешенде өздерінің қалаған уақыттарында келіп, спортпен шұғылданып жүр. Болашақта бұл кешеннің қасынан облыстық спорт мектебі бой көтермекші. Алдағы жылдары облыстың спортшылары түрлі жарыстарда ел қоржынын медальмен толтырса таңғалудың жөні жоқ. Қазірдің өзінде облыста спортпен шұғылданатындардың саны артып келеді. Қазақ күресімен айналысатындардың саны Шығыста көп екенін бұған дейін ел-жұртқа хабарлаған болатынбыз. Бұл да болса бұқаралық спорт түрінің дамығандығының бір дәлелі болса керек.

Жекпе-жекЖекпе-жек күрес сарайы

Бұл сарай күндіз-түні жаттығушылардан босамайды. Спорт нысанының екінші қабатында 3 спорттық зал орналасқан. Күрес және бокс залы, дзюдо залы және таэквондо мен каратэ залы бар сарайдың әр секциясында кесте бойынша жаттығатын жасөспірімдерден бөлек, ірі жарыстарға дайындалатын кәсіби спортшылар да бар. Ал бірінші қабатында халықаралық сатндартқа сай жарыстарды өткізуге арналған жалпы ауданы 1161,8 шаршы метрлік залда жекпе-жектің түр-түрін өткізуге болады. Спорт нысаны 600 орындық трибуналармен және 50 адамдық VIP трибунамен жабдықталған. Бүгінгі күні облыста 9 (олимпиадалық және олимпиадалық емес) спорт түрлерін дамыту қолға алынып отыр. Бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, таэквондо, қазақ күресі, каратэ, кикбоксинг, самбо бойынша тәлімгерлер мен болашақ чемпиондар өріп жүр.

 Қайрат Абаев, жекпе-жек сарайының директоры:

– Шығыста жекпе-жек түрлері дамып келеді. Күн сайын осы сарайдың түрлі секцияларына қатысу үшін қаланың балалары осылай ағылады. Біз облыстың түкпір-түкпірінен талантты жастарды осында машықтандырып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға дайындаймыз. Алдағы уақытта арнайы спорт мектебі салынады деген жоспар бар. Егер қасымыздан ол нысан бой көтерсе, онда біздің жас таланттарымыз үшін өте қолайлы шарт-жағдай жасалды деуге болады. Қазір мұнда бес жасынан бастап аптаның әр күнінде осында келетін қарадомалақтар көп. Олардың арасынан болашақта бүкіл елдің мақтанышына айналатын спортшылар шығарына сенемін. Біз қазір өзге облыстармен жолдастық кездесулер өткізіп жүрміз. Сондай-ақ, Ресейдің көршілес облыстарымен, Моңғолия, Қытай секілді елдердің аймақтарында спорт мектептерімен жиі тәжірибелік кездесулер өткізіп, өзара ынтымақтастықты арттырудамыз.

денеЖүзу бассейні

Спорт кешенінің тағы бір сәулетті ғимараты – орталық жүзу бассейні.

Халықаралық заманауи талаптарға сай жабық бассейн кешені бес блоктан тұрады. Ең негізгісінде аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын үлкен бассейнде халықаралық жарыстарды өткізуге болады. Хауыз суының ең таяз тұсы 1,8 метр болса, терең жері 4 метрден асады. Ал ұзындығы – 50 метр.

Мұнда суға жүзу, суға секіру, су добы, синхронды жүзу сынды су спортының барлық түрлері қамтылған. Көрермен залының өзі атшаптырым аумақты алып жатыр. Орталықтағы түрлі жарыстарды тамашалау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда әр күндері жүзуге құмар жастар, қала тұрғындары, жарысқа қатысушы спортшылар, мектеп оқушылары келеді. Бір айта кетерлігі, қаладағы кейбір әлеуметтік топтарға, мектеп оқушыларына бассейнде жаттығу, жүзуді үйрену және уақтылы кестемен машықтану тегін. Мұндай мүмкіндік өзге облыс орталықтарында, ірі қалалардың өзінде жоқ. Жүзу бассейні қазір Спорт мектебінің құрамына бірелген.

Арсен Тен, Спорт мектебінің директоры:

– Біздің мақсат – бұқаралық спортты дамыту. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай тапсырма берген болатын. Спорт залдары несімен әсем? Сонда жаттығатын халықтың көптігімен, күндіз-түні босамайтын спорт сүйер қауымымен сәнді. Біз бұл кешенде спортшылардың жаттығатын уақытынан бос мезгілдің бәрінде халықтың демалуына, жүзу түрлерімен шұғылдануына жағдай жасаймыз. Бізге мектеп оқушылары жиі келеді. Жүзу спорты – спорттың төресі. Ол адамның физиологиялық дамуына ерекше оң әсерін тигізеді. Және суда жүзуді еркін меңгерген адамның ішкі сенімі артып, өз-өзін құрметтеуді, әр нәрсенің қадірін білуді үйренеді. Болашақта өңіріміздің даңқын асыратын спортшылардың көбейеріне сенемін. Бүгіндері балаларын ертіп, осында келетін ата-аналардың саны артып келеді. Бұл – жақсы бастама, оң өзгеріс. Біз бұған қуанамыз. Ата-ана баласына үлгі болуы керек. Баласымен бірге өздері де спортпен шұғылданса, құба-құп.

Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі

Ел мақтанышы, Лондон олимпиадасының алтын медаль иегері Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі қала тұрғындары үшін көркіне мәні сай спорттық орталық. Бұл кешен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынған. Жалпы сыйымдылығы 650 жанкүйерге арналған еліміздегі бірегей спорт нысанында жеңіл атлетиканың түр-түрінен жаттығуға болады. 60 және 200 метрлік жүгіру жолдары, биіктікке және қарғып секіру секторлары, сондай-ақ спортшылардың көпсайысқа дейінгі жеңіл атлетиканың барлық түрі бойынша жаттығып, спорт секцияларына жазылып, оған қатысуға мүмкіндік мол.

Облыстың спортқа жауапты атқамінерлері өңірде жеңіл атлетиканы дамытуға барынша назар аударып отырғандарын айтады. Еліміз спорттың осы түрлерінен кенжелеп қалғандығы шындық. Тек Ольга Рыпакова ғана қоржынымызға алтын салғаны болмаса, Ғұсман Қосановтың биігін бағындыруға үміттілер болғанымен, ол жетістікке жете алғандар тым аз. Енді осы өңірден Ольганың ізбасарлары көптеп шығады деп үміттенуге болады. Өйткені, жүгіру, секіру секілді спорт түрлеріне қызығатын қала жастары көбейіп, кешен жас жеткіншектерден босамайды дейді.

[caption id="attachment_12643" align="alignright" width="341"]Ольга Ольга Рыпакова[/caption]

Ольга РЫПАКОВА, Лондон олимпиадасының чемпионы:

– Біздің кезімізде мұндай кешен түгіл, жібі түзу жаттығу залы да аз еді. Біз әр жерде, әйтеуір сәл мүмкіндік туған ортада жаттығып жүріп, осы биікке жеттік. Сол кездері шетелдердегі осындай зәулім сарайларды көріп, бізде қашан мұндай мүмкіндік болар екен деп армандайтынбыз. Сол арманымызға енді жетіп отырмыз. Мен барша жастарды спортпен айналысуға шақырамын. Спорт – тәннің ғана емес, жанның да саулығын қалыптастырады. Ата-аналар өз балаларының бос жүрмеуін қадағалағандары жөн. Бос уақыт – ең зиянды сәттердің жиынтығы. Одан гөрі спортпен шұғылданса, адам өзін-өзі жетілдіре түседі.

Мен өңір басшылығының спортқа көңіл бөліп, бар мүмкіндікті жасап жатқандарына ризамын. Болашақта менің шәкірттерім Қазақстанның атын шығарарына сенемін!

Әзірлеген Т. ӨСКЕНБАЙ.


 

Рекомендовать
Последние новости