Өскеменде роботтың көмегімен еліміз бойынша алғаш рет ота жасалынды

Dalanews 28 мар. 2018 11:04 760

Өскеменде еліміз бойынша алғаш рет роботтандырылған ота жасалынды. Шығыс Қазақстан облысындағы заманауи технологиямен жабдықталған роботтандырылған хирургия және трансплантация орталығында жасалған ота Италиядан арнайы келген профессор, «TrancEnterix» фирмасының хирургі Стефано Джидароның басқаруымен жүргізілген.

Стефано Джидаро соңғы үлгідегі роботтандырылған ота жасау жүйесін әзірлеп, оны Италияның ауруханаларында енгізу үшін сегіз жыл бойына еңбектеніпті. Соңғы екі жылда ол Еуропа мен Азиядан келген мамандарға айрықша техникамен жұмыс істеудің тәсілін үйретумен болыпты.

Қазіргі уақытта Стефано Джидаро Өскемендегі №1 қалалық аурухананың мамандарын дайындауда. Дәлірек айтсақ, аталған мекеменің 4 маманы 2017 жылы Милан қаласында екі апталық оқытудан өткен болатын. Бүгін Өскемендегі №1 қалалық ауруханада роботтандырылған технологияның көмегі арқылы италияндық маман Стефано Джидароның басшылығымен өт жолына жасалған еліміздегі тұңғыш операция сәтті өтті.

 

Роботтандырылған техниканы қолдану, зақымдануды ықшамдап, операцияны сапалы жасауға және операциядан кейінгі кезеңді жеңілдуге мүмкіндік береді.

Сондықтан, бүгін ота жасалған азаматша 3-4 күн ішінде ауруханадан шығып, үйіне қайтараылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, италияндық дәрігердің басшылығымен арнайы оқудан өткен №1 қалалық аурухананың хирург мамандары бір апта көлемінде әртүрлі операциялар жасап, біліктіліктерін шыңдайтын болады. Айталық, дәрігер Стефано, алдағы уақытта хирург мамандармен бірге гинекология саласында бірқатар операцияларды жүргізбекші. Осы ретте италияндық маман Өскемендегі №1 қалалық аурухананың мамандары мен операция жасайтын орындарының дайындығын өте жоғары бағалағанын айта кеткен жөн.

– Мұндай операцияны жасауға көмектескен қазақстандық әріптестеріме, медбикелер мен хирургтарға айрықша алғыс айтамын. Операциялық залдардың дайындық сапасы мені таңқалдырды. Осындай білікті мамандар шоғырланған және инфрақұрылымы дамыған емдеу мекемелері біздің сәтті жұмыс істеуге және болашаққа жоспарлар құруға мүмкіндік береді, – деді Стефано Джидаро.

Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов шетелдік мамандарды тарту медицина саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыратынын атап өтті.

 

– Жұртты дұрыс емдеудің қажеттігі туралы тоқтаусыз айтып, күні бойы талқылай беруге болады... Алайда, біз дәл осылай бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана зор жетістікке қол жеткізе аламыз. Жуық арада біз бұдан да көп мамандарды оқытатын боламыз. Облыс тұрғындарының осындай жоғары медициналық технологияларға қол жеткізіп жатқаны әрине мені айрықша қуантады, – деп түйіндеді сөзін Даниал Ахметов.

Рекомендовать
Последние новости